Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Думан Әбілев мәлімдеді.
Оның айтуынша, меритократия қағидаты мемлекеттік қызметті кәсібилендірудегі маңызды құрал болып табылады және осының арқасында өңірде жыл сайын өз жұмысының жетістіктері, сондай-ақ кәсіби және жеке қасиеттері арқасында мансаптық ілгерілейтін қызметшілер саны артып келеді.
«Атап айтқанда, 2024 жылы жоғары тұрған лауазымдарға 163 қызметші тағайындалды, оның ішінде ішкі конкурстардың нәтижелері бойынша – 91, ауыстыру тәртібімен — 64, қызметті бағалау нәтижелері бойынша — 8» — деп спикер мәлімдеді.
Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарда мемлекеттік органдардың кадрлық жай-күйіне жүргізілген мониторинг қорытындылары бойынша статистикалық мәліметтер ұсынылды. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдарда 2915 қызметкер жұмыс істейді, олардың 34,8%-ы ерлер, 65,2%-ы әйелдер.
35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 28,9% құрайды.
Жоғары білімі бар мемлекеттік қызметшілердің үлесі 89,1% құрайды, олардың 18,2% екі немесе одан да көп жоғары білім бар. Оның ішінде 85 шетелдік білім иегері, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының 13 түлегі, 3 «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты, 4 ғылым кандидаты, 1 ғылым докторы бар.
Сынақ мерзімі 186 қызметкерге тағайындалды, оның 181-і тәлімгерлікпен қамтылды. 126 адам қайта даярлаудан, 737 адам біліктілігін арттырудан, 197 адам тағылымдамадан өтті.
Жазира Сейтмағанбетова, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің ресми өкілі