Ақмола облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Щучье қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері жергілікті сауда үйлерінің біріндегі дүңгіршекте «Қасиетті Құран» кітабын рұқсатсыз сату дерегін анықтады.
«Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 490-бабы бойынша материал жиналып, сотқа жолданды. Бурабай аудандық сотының шешімімен 54 жастағы ақмолалық әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 120 750 теңге айыппұл түрінде жаза тағайындалды», — деді ведомстводан.
Ведомстводан атап өткендей, қолданыстағы заңнамаға сәйкес діни әдебиеттерді, діни мазмұндағы материалдар мен діни мақсаттағы заттарды тек белгіленген орындарда ғана таратуға жол беріледі. Бұл діни ғимараттардың аумақтары, діни-рухани оқу орындарында — медреселерде, семинарларда және басқаларында, сондай-ақ әкімдік бекіткен арнайы стационарлық үй-жайларда. Щучинск қаласының аумағында осындай 2 үй-жай бар. Өзге орындарда діни әдебиеттерді жергілікті атқарушы орғандардың рұқсатынсыз сатуға болмайды.