Жол ережесінде электр самокаттардың қозғалысын реттейтін жаңа белгі пайда болады. Бұл туралы Сенат депутаты Евгений Больгерт айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жолда электр сомокаттардың қозғалысын реттеуге арналған жаңа белгі пайда болады. Бұл тұрғыда ол жол ережесіндегі басқа да жол белгілері сияқты жалпыға ортақ болады», — деді Евгений Больгерт Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Қайсар Сұлтанбаев жеке адамдардың меншігіндегі самокаттардың жылдамдығын бақылау мүмкін болмай тұрғанын айтты.
Айта кетейік, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы мақұлданды.
«Электрондық самокат» ұғымы енгізіліп, ол ең жоғары конструктивтік жылдамдығы сағатына 25 километрден аспайтын көлік құралы деп танылады және олардың қозғалысы үшін тиісті орындар айқындалды.
Атап айтқанда, Заңмен енгізілген шарттар мен тыйымдарды сақтай отырып, жолдың жүріс бөлігінің оң жақ шеті бойынша электр самокаттардың жүруіне рұқсат етіледі. Бұл тұрғыда жүргізушінің 18 жасқа толуы, кез келген санаттағы көлік құралын басқару құқығына жүргізуші куәлігі мен шлемнің болуы, ал тәуліктің қараңғы уақытында қозғалу кезінде басқа көлік құралдарының жүргізушілеріне көрінуі үшін тиісті жарық түсіретін белгілерді тағу ескерілген.
Электр самокатына тротуар немесе жаяу жүргіншілер жолымен сағатына 6 км-ден аспайтын жылдамдықпен жүруіне рұқсат етіледі. Шағын электр көлік құралдары мен электр самокаттары жүргізушілерінің құқықтары мен міндеттері белгіленеді.