Әлеуметтік желілерде таралып жатқан қазақстандық сауда сөрелерінде сібір жарасын жұқтырған ет өнімдері түскені туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Ақмола облысының Қосшы қаласында сібір жарасы ошақтарының болуы туралы хабарлама да жалған болып отыр.
Айта кетейік, Ақмола облысы Жарқайың ауданы Үшқарасу ауылында халық арасында сібір жарасының терідегі түрі тіркелді. Барлық науқастар медициналық қызметкерлердің бақылауына алынды, клиникалық хаттамаға сәйкес ем қабылдап жатыр.
Аудандық полиция бөлімі ауылда ауыл шаруашылығы өнімдерін әкетуді шектейтін блок бекеттер қойып, карантин жариялады.
«Үшқарасу» ЖШС мал шаруашылығы кәсіпорнының директорынан малдың өлімі туралы хабарлама 28 тамызда келіп түсті. Ет жедел түрде тәркіленіп, өлген мал жойылды.
Қазір Жарқайың ауданында СЭҚ, денсаулық сақтау, ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясы, сондай-ақ ветеринария басқармасы қызметкерлерінен тұратын жұмыс тобы бар. Барлық тексерілген ошақтарда дезинфекция жүргізілді, әрі қарай зерттеу үшін топырақ пен жер асты суларының сынамалары алынды.
Ауылға 1,7 мыңнан астам доза вакцина және 900 000 мл дезинфекциялау құралдары, сондай-ақ ошақты тексеру және жою үшін қажетті барлық арнайы техника жеткізілді. Жергілікті жерде «Республикалық эпизоотияға қарсы жасақ» РММ-нің 9 маманы жұмыс істеп жатыр.
Залалды бағалау және аурудан өлген мал үшін өтемақы төлеу жөніндегі арнайы комиссия құрылды. Мемлекеттік органдар жағдайды бақылауда ұстап отыр.