Ақмола облысының Бурабай ауданындағы Беғазы-Дәндібай мәдениетінің ежелгі қорымы аумағында «депутаттық қалашық салынып жатқанына» қатысты түсінік берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бурабай ауданы Сарыбұлақ ауылы (бұрынғы Воробьевка) маңындағы Беғазы-Дәндібай мәдениетінің ежелгі қорымдарының қирауы фактілері бойынша оқиға орнына барып тексеріс жүргізіледі. Орталық тарапынан аталған аумақта тарихи-мәдени мұра объектілерінің бар немесе жоқ екендігі туралы анықтама берілген жоқ. ҚР Жер туралы кодексінің 127-бабы 1-бөлігіне сәйкес, тарихи-мәдени мұра объектілері, оның ішінде тарих және мәдениет ескерткіштері орналасқан жер учаскелері тарихи-мәдени мақсаттағы жерлер деп танылады», — деді Ақмола облысы Мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасы жанындағы Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының басшысы Серік Ысқақов ҚазАқпарат тілшісінің сауалына.
Орталық басшысы атап өткендей, аумақтарды игеру кезінде жер учаскелері бөліп берілгенге дейін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау бойынша археологиялық жұмыстар жүргізілуге тиіс.
«Тарихи, ғылыми, көркемдік және өзге де мәдени құндылығы бар объектілер табылған жағдайда, жер пайдаланушылар одан әрі жұмыс жүргізуді тоқтата тұрып, бұл туралы тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті органға хабарлауға міндетті. Тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталып тұруына қатер төндіруі мүмкін жұмыстардың барлық түрлерін жүргізуге тыйым салынады», — деп толықтырды Серік Ысқақов.
Сонымен қатар, ол Бурабай аудандық әкімдігіне осы ежелгі қорым аумағынан құрылыс жұмыстары үшін жер телімі қандай рұқсат құжаттары арқылы бөлінгенін анықтау үшін ресми хат жолданғандығын атап өтті.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде Ақмола облысының Воробьёвка ауылы (қазіргі Сарыбұлақ ауылы) маңындағы Беғазы-Дәндібай мәдениетінің ежелгі қорымдарының аумағында «депутаттарға арналған коттедж қалашығы» салынып жатыр деген ақпарат тараған болатын. Онда жазба авторы інісінің осы жобада жұмыс істегендегі, бейіттер қиратылып, олардың орнына коттедждер салынып, қираған қорғандардан саяжайларға баратын жолдың негізі салынып жатқандығын жазған болатын. Сонымен бірге, ол осы жерден табылған көне қылыштың суретін де жариялады. Аталмыш қылышты інісі өзімен бірге ала кеткен.
Қазіргі кезде Ақмола облысы Мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасы жанындағы Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының басшылығы аталмыш қылышты өңір мұражайына қайтару мәселесін қарастырып жатыр.