30 қаңтар – даңқты жерлесіміз Мәлік Ғабдуллинге Кеңес Одағының батыры атағы берілген күн. Бұл Алтын жұлдыздың бағасы қазақ халқы үшін өте қымбат. Соғыс басталған күннен бастап небір ерен ерліктің үлгісін көрсеткен қазақ жауынгерлерінің қаһармандығы да дәл осы күні мойындалғандай еді. Содан да Мәлік Ғабдуллин «Бұл маған ғана емес, қазақ халқына берілген атақ» деп айтқан болар…
Айтулы күнге орай Ақмола облысы мәдениет басқармасының Мәлік Ғабдуллин музейі жылдағы дәстүрден жаңылмай Красный Яр №3 көпсалалы мектеп-гимназиясы жанынан құрылған Мәлік Ғабдуллин атындағы «Жас ұлан» әскери-патриоттық клубына жаңа мүшелерді қабылдау рәсіміне арналған «Көкше» мәдениет үйінде «Батырлық салты – ұрпақ сабақтастығы» атты кеш өтті.
Бұл күн – қазақ тарихындағы елеулі оқиғалар Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен, Мәлік Ғабдуллиннің 110 жылдығымен, Мәлік Ғабдуллин музейінің 30 жылдығымен және «Жас ұлан» әскери-патриоттық клубының 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.
Іс-шара Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Баубекқызы Сәбитованың және Красный Яр ауылдық округінің әкімі Мақыш Серікжан Мейрамұлының беташар сөзімен басталды.
«Жас ұлан» әскери-патриотық клубына қабылданған жас ұландар салтанатты түрде ант беріп, оларға мүшелік билеттерді Қарулы Күштер ардагері, Абай Мырзахметов атындағы университеттің оқытушысы Сенбай Тұяқбайұлы Алпысов пен Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы, маслихат депутаты Дуанбай Қазыбайұлы Ыбыраев табыстады.
Оқтай тізіліп тұрған жас ұландардың ең алғашқы жауапкершілікке толы қадамдарына, болашақ жас сарбаздарға Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Бекенұлы Нұғыманов сәт-сапар тілеп, ақ тілегін білдірді.
Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің студенті, жас ақын Бергенбек Мырзаттың мерейлі жылға арнаған арнауы кештің мәнін ашып, сәнін келтірді.
Отыз жылдық тарихы бар «Жас Ұлан» әскери патриоттық клубының жандануына үлес қосқан ұстаздар Гүлзат Оразбайқызы, Есенбек Сабырұлы, Төлепберген Құнанбайұлы басқарма басшысы Айгүл Сәбитованың алғыс хатымен марапатталды.
Біз кешегі мен бүгінгінің һас батырларының ізін жалғаған 300-ге жуық жас сарбаз тәрбиеленіп жатқан «Жас ұлан» әскери-патриоттық клубына зор сеніммен қараймыз.
Танымдық кеш «Көкше» мәдениет үйі өнерпаздарының шағын концерттік бағдарламасымен аяқталды.
Осылайша «Қазақпын» деген сөзді мен: ұлтын, туып-өскен жерін сүю, халқының батырлық, ерлік салтын, дәстүрін сүю, ғасырлар бойына жасаған ұлттық әдебиеті мен мәдениетін, тілін сүю, өз ұлтына адал қызмет ету деп түсінем». «Мен – халық ұлымын. Халықтың киесі бар. Жалған дүниеде ең ізгі, ең асқақ, ең таза нәрсе – өз халқының қызметшісі болу», — деп өмірлік ұстанымына айналдырған батыр Мәліктің 110 жылдығына арналған іс-шаралар легінің шымылдығы ашылды.