Көкшетауда «Bolashaq saraiy» сарайының қабырғасында 9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шараға Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аумақтық департаментінің басшысы Арман Рахимов, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың басшылары, облыс өңірлерінің әкімдері, жұртшылық, саяси партиялар, бизнес-құрылымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Шарада сөз сөйлеген аймақ басшысы Ермек Маржықпаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аясында мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың тиімді өзара іс-қимылының маңыздылығын атап өтті.
«Жыл сайын 9 желтоқсанда бүкіл әлем Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күнін атап өтеді. Сыбайлас жемқорлық азаматтардың негізгі құқықтар мен игіліктерге қол жеткізуіне жол бермей, мемлекеттік институттарға деген сенімін бұзатыны белгілі. Сондықтан Мемлекет басшысы бұл мәселеге ұлттық саясаттың басты басымдықтарының бірі ретінде көп көңіл бөледі. Биылғы жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобы (ГРЕКО) халықаралық ұйымын бағалау қорытындысы бойынша Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылдаған шаралары оң атап өтілді. Мұның бәрі қоғамның барлық топтарының тиімді өзара іс-қимылының арқасында», — деді Ермек Маржықпаев.
Өңір басшысы сондай-ақ №4 «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» үлгілік базалық бағытының табысты іске асырылуын атап өтті. Мемлекеттік органдардың белсенді тәсілінің арқасында облыстың осы бағыттағы рейтингі ағымдағы жылы жоғары нәтиже көрсетті.
Сөз сөйлеу барысында өңірдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствосының басшысы Арман Рахимов мемлекеттік аппараттың басты міндеті азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын қамтамасыз ету екенін айтты. Осыған байланысты Антикордың жұмысы қайта форматталды.
«Біз адамдарға жақсы өмір сүру жағдайлары мен қауіпсіз өмір сүру ортасы қажет екенін түсінеміз, сондықтан біз жұмысымызды ұсталған сыбайлас жемқорлардың саны туралы есептерге емес, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алуға, халық үшін маңызды мәселелерді шешуге, азаматтардың сенімін нығайтуға бағыттаймыз. Осындай маңызды істе мемлекеттік органдар, ұйымдар мен жұртшылық атынан біздің әріптестерімізге және пікірлестерімізге алғыс айтқым келеді. Біздің сындарлы өзара іс — қимылымыз сөзсіз оң нәтиже береді», — деді Арман Рахимов.
Ішкі саясат басқармасы басшысының м.а. Сабырхан Кенжебаев және Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Марат Сырлыбаев парасаттылық мәдениетін ілгерілету шеңберінде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.
Іс-шара соңында облыс әкімі мен Департамент басшысының қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және парасаттылық құндылықтарын ілгерілетуге қосқан үлесі үшін жұртшылық, БАҚ (koksheINFORM сайты аймақ басшысының Алғыс хатына ие болды), оқу орындары өкілдерін, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерді марапаттау рәсімі өтті.