Жаңа жыл қарсаңында Ақмола облысында ақындар, прозашылар және шығармашылықпен айналысатын азаматтар арасында өткен «Құлагер» байқауының жеңімпаздары мен лауреаттары марапатталды, деп хабарлайды облыстық ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметі.
Шарада аймақ басшысы Ермек Маржықпаевтың атынан облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова құттықтау сөз сөйлеп, жеңімпаздарға ақшалай сертификат тапсырды.
«Облыс әрқашан да таланттарға кенде болған емес. Биылғы жылы өңірімізде әдебиет және өнер шеберлері қазақстандық руханиятқа өлшеусіз үлес қосты. Байқау жарияланған сәттен бастап бүгінгі күнге 700-ден астам өтінім келіп түсті. Он аталымның әрқайсысы бойынша жеңімпаз анықталды. Болашақта осындай шығармашылық жарыстарды көбірек өткізуді жоспарлап отырмыз», — деді Айна Мысырәлімова.
Байқау ерекше еңбектерін ынталандыруға және тануға, өңірдің әдебиеті мен мәдениетін дамытуға үлкен үлес қосқан шығармашылық адамдар мен ғылыми зиялы қауымға, сондай-ақ олардың жемісті ғылыми, шығармашылық және қоғамдық қызметіне, облыстың мәдени өміріне белсенді қатысқаны үшін және шығармашылықтың барлық жанрлары мен бағыттарында жоғары көркем туындылар жасағаны үшін қолдау көрсетуге бағытталған.