Бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалануды және ұрлауды болдырмау шеңберінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті жүйелі негізде «Сатып алудың бірыңғай терезесі» веб-порталы (eoz.kz) арқылы мемлекеттік сатып алу жүйесіне мониторинг жүргізеді.
Бұл сервис мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік құрылымдардың сатып алуларының ашықтығы мен айқындығын арттырып қана қоймай, сатып алуды жоспарлау сатысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін онлайн режимінде анықтауға мүмкіндік береді.
Сыбайлас жемқорлық көріністеріне ықпал ететін негізгі факторлардың қатарына бағаны көтерудің жүйелілігі жатады, бұл тапсырыс берушінің бюджетін жасанды ұлғайтуды және бюджет қаражатын тиімсіз жұмсауды білдіреді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ұйымның сатып алуға жоспарланған тауарлардың, жұмыстардың немесе көрсетілетін қызметтердің бағасын (орташа нарықтық құнмен салыстырғанда) көтеру фактісін анықтаған кезде мұндай жағдайларды болдырмау мақсатында бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне жедел түрде тиісті ден қою хаттары жіберіледі. Өз кезегінде, тапсырыс берушілер мемлекеттік сатып алу жоспарларын қайта қарайды және түзетеді, не сатып алудың күшін жояды.
Жалпы, Департаменттің дер кезінде әрекет етуінің арқасында 2021 жылдың қорытындысы бойынша 1,1 млрд теңгеден астам, ал ағымдағы жылдың басынан бері 420 млн теңгеден астам қаражат үнемделді.
Мысалы, «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы бастапқыда 67,4 млн теңге немесе шаршы метріне 22,3 мың теңге сомасына керамогранит плиткасын сатып алуды жоспарлаған, ал бір плитканың орташа нарықтық бағасы — шаршы метріне 2500 – 10000 теңге шегінде өзгереді. Департаменттің араласуынан кейін 38,5 млн теңге үнемделді.
Сондай-ақ, Зеренді ауданының білім беру бөлімімен жалпы сомасы 267,8 млн теңгеге немесе бірлігі үшін 26,7 млн теңгеге 10 оқу кабинетін сатып алу жоспарланған. Осыған ұқсас тауарларды Көкшетау қаласының білім беру мекемелері орта есеппен 5-тен 10 млн теңгеге дейін сатып алады. Департаменттің ұсынымдарын енгізгеннен кейін үнемдеу 241 млн теңгені құрады.
Өңірдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі ақмолалықтарды бюджет қаражатының жұмсалуын қоғамдық бақылау шеңберінде белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырады, өйткені мемлекеттік сатып алу ел экономикасының тұрақты дамуын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.