Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ағымдағы жылдың 4 наурызында Көкшетау қалалық полициясы басқармасына гүл сататын дүкендердің бірінің иесінен белгісіз ер адамның 300 қызғалдақ ұрлап кеткені туралы арызы түсті. Шығын көлемі 90 000 теңгені құрады.
Әйелдің сөзінше, ол қорапқа салынған қызғалдақ гүлдерін тек бірнеше минут далаға шығарған. Сол кезде оны бутик маңынан өтіп бара жатқан бейтаныс адам ұрлап әкеткен.
Гүлдің жоғалғанын байқаған әйел бірден полицияға қоңырау шалды. Дереу оқиға орнына жедел-тергеу тобы жіберілді: полиция қызметкерлері бутиктің айналасын зерттеді, жедел басқару орталығының бейнекамераларының жазбаларын және гүл салонының камераларының деректерін қарады. Бейнежазбаларды қарау кезінде камералардың бірінің объективіне ер адам анықталды.
Қабылданған жедел іздестіру шаралары барысында жарты сағат ішінде полиция қызметкерлері 48 жастағы күдіктіні ұстады. Тергеу барысында ер адам ұрланған гүлдерді қайда жасырғанын көрсетті.
Қазіргі кезде осыған байланысты ҚР ҚК 188-бабы «ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұрланған гүл иесіне қайтарылды.