Воскресенье, 19 января, 2025
ЖаңалықтарОқиғаАдам және заңАлаяқтарды астамсытып қойған кім?

Алаяқтарды астамсытып қойған кім?

Сондай-ақ, оқыңыз...

Егер ішкі істер органдарының деректеріне көз салсаңыз, елімізде жыл санап қылмыс көлемі артып барады. Қылмыстың қай түрі болмасын қарапайым пенделер үшін залалды, өйткені сол қылмыскерлерден жапа шегетіндер негізінен қарапайым жұртшылық. Бірақ, соңғы жылдарда алаяқтық, оның ішінде интернет арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстар мүлдем өршіп кетті. Ал одан зардап шегушілер қатары күн санап көбеюде.

Күні кеше әлеуметтік желіде алаяқтарға алданып, 1 млн теңгесінен айрылған имам туралы ақпарат таралды. Имам ба, молда ма, болмаса басқа салада істетін жан ба – кім болса да алаяқтың арбауына түсіп, ақшасынан айрылған зардап шегушінің материалдық жағынан ғана емес, моральдық-психологиялық жағынан да соққы алатыны анық. Тізтырнақтап жиған ақшасынан әп-сәтте айрылу кім кімге де оңай тимейтіні белгілі. Бұндай психологиялық соққы алған адамның ұзақ уақыт өзіне келе алмай жүретіні өз алдына, ол енді адамдарға деген сенімінен айрылады, әрбір жанға күдікпен қарайтын болады.

Назарбаев президент болып тұрған уақытта бір жолдауында ол киберқауіпсіздік деген мәселені көтерген болатын. Жолдауда айтылып, аты дардай болып басталғанымен, кейін бұл мәселе сиырқұйымшақтанып, назардан тыс қалды. Ал алаяқтық өршіген қазіргі кезде киберқауіпсіздік деген мәселе мүлдем көтерілмейтін болды. Шындығында бұның өзі қазір күйіп тұрған өте өзекті мәселе. Өйткені, интернет арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстар саны жыл санап еселеп өсуде және олардан зардап шеккен адамдар қатары да уақыт өткен сайын көбейіп барады. Жоғарыда айтқанымыздай, олардың арасында қарапайым адамдармен бірге дін қызметкерлері, депутаттар, бизнес өкілдері  де бар. Қазір есіріп кеткен алаяқтар құрбандығын таңдамайтын болды, кімге болса да ауыз салып, ақшасын алдап алуға сақадай сай тұрады.

Таяуда бір блогер еліміздің банктерінің қызметкерлері алаяқтарға банк клиенттерінің деректерін сатады екен деген ақпарат таратты. Бұл сөздің жаны бар. Әйтпесе, шетелде тұратын алаяқ банк  клиенттерінің деректерін қайдан біледі? Бұның өзі банктердің сол алаяқтармен бірлесіп, қылмыс жасайтынын айғақтайды. Мына жайға назар аударып қараңызшы: әншейінде кредит тарихына қарап, өтей алмаған кредиттері бар адамдарға несие рәсімдемейтін банктер мойнында қарыздары бар және жаңа кредитті төлеуге шамасы жетпейтін адамдарға интернет арқылы қашықтан әп-сәтте бір емес, бірнеше кредитті оп-оңай рәсімдей салады. Шығыс Қазақстан облысының бір тұрғыны бір күнде алаяқтар үш бірдей кредитті рәсімдеп, қарызға белшеден батырып кеткенін айтады. Ақыл-есі дұрыс әрбір жан бұның астарында ұйымдасқан қылмыстың жатқанын айтпай-ақ аңғарар еді. Дегенмен, біздің құқық қорғаушылар ондайға көз жұмып қарайды, ал зардап шегушілердің сотқа берген арыздары көбінесе банктердің пайдасына шешіліп, алданып қарызға батқан азаматтардың құқығы сот арқылы асты болып жатады.

Өкінішке орай, қазір құқық қорғаушылар алаяқтармен күресуге мүлдем дәрменсіз болып отыр, олардың бар қолдарынан келері «абайлаңыздар, алаяқтар мынадай айла жасайды» деп халықты ескерту ғана. Ал жасалған қылмыспен күресу, киберқылмыскерлерді ұстау бағытында атқарылып жатқан жұмыс жоқтың қасы. Осының салдарынан алаяқтар жыл өткен сайын мүлдем есіріп барады.

Өз басым күн сайын алаяқтардан кем дегенде 5-6 қоңырау аламын. Соңғы кезде астамысып кеткен хакерлер жәй ғана телефонды алғанда вирус кіргізіп, телефоныңдағы бүкіл мәліметтеріңді ұрлап алатын айлалар тауыпты. Жәй ғана алаяқтың телефонын алғаны үшін ғана зардап шегіп, ақшасынан айрылғандардың зар жылаған видеомәлімдемелерін көргенде, ең дұрысы, бейтаныс нөмір телефон шалса мүлдем алмау қажет деген ойға қаласың. Өз басым бейтаныс нөмірді мүлдем көтермеймін. Ал сол алаяқтар күндіз де, түнде де, мейрам күндерінде, демалыс күндерінде де үзбей телефон шалады да жатады және еш шаршамайды. Шынын айтқанда әбден мезі қылды. Бұл жалғыз менің басымдағы іс емес, барша қазақстандықтар алаяқтардан әбден МЕЗІ БОЛУДА. Ал бюджет ақшасына жан бағып жүрген құқық қорғаушылар алаяқтардың алдында МҮЛДЕМ ДӘРМЕНСІЗ.  Сонда не істеу керек?

Әбден шектен шығып, мүлдем есіріп кеткен алаяқтарды тоқтату үшін мына шараларды жүзеге асырған жөн болар еді: 1-Алаяқтық қылмыс жасағаны үшін заң жауапкершілігін барынша қатаңдату, алдап алған сомасына қарамай алғаш рет алаяқтық жасаған адамға кем дегенде 10 жылдан бастап бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау, екінші рет қайталғанған жағдайда 20, үшінші рет қайталанса 30 жыл деп жазаны үнемі көбейтіп отыру және барлық мүлкін түгел тәркілеу қажет. Сондай-ақ, алаяқтар бастандыққа шыққан соң оларды арнайы есепке алып, үнемі бақылауда ұстау керек. 2-Банктерге өз клиенттерін қорғау шараларын жүзеге асыруды міндеттеу қажет. Клиенттерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмаған банктерге заң шеңберінде жаза қолдану, тіпті лицеияларын алып, жұмысын тоқтату керек. 3-Интернет арқылы жасалатын алаяқтық қылмысқа қарсы күрестің арнайы бағдарламасын жасап, бұл іске мықты аитишниктерді тарту, мемлекеттік деңгейде алаяқтардан қорғанатын шаралар қабылдау қажет.

Міне, осындай шараларды жүзеге асырғанда ғана шектен мүлдем шығып, күн санап есіріп және саны еселеп көбейіп бара жатқан алаяқтық қылмысқа тосқауыл қоюға болады. Егер бұлай жасалмаса, онда бұл қылмыс әбден белең алып, одан зардап шегушілер қатары еселеп өседі және ол түптің түбінде үлкен әлеуметтік қопарылысқа ұшыратуы мүмкін.

Қалкөз Жүсіп.  

spot_img
- Жарнама -Newspaper WordPress Theme

Соңғы жаңалықтар

Жайлылық пен сапа: Ақмола облысында заманауи жатақханалар ашылуда

Жыл басында  өңірде студенттер үшін жаңа заманауи жатақханалар пайдалануға беріледі. Бұл  оларды жайлы баспанамен қамтамасыз етудегі маңызды қадам  болмақ. Жаңа жатақхана студенттердің тұрғын үй...

Мемлекеттік қызметтерді көрсету саласында 15 мыңға жуық құқық бұзушылық анықталды

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Думан Әбілевтің қатысуымен Департаменттің 2024 жылғы қызметінің қорытындысы бойынша...

Ақмола облысында мемлекеттік қызметтегі басшы әйелдердің үлесі 43,4% құрайды

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті 2024 жылғы қызметін қорытындылады. Бұл туралы Департамент басшысы Думан Әбілев Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен...

Онлайн режимде мемлекеттік қызметке іріктеу бойынша 1683 конкурс өтті

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Думан Әбілев Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында eqyzmet.gov.kz жүйесінде мемлекеттік қызметке іріктеу...

Ақмола облысында 528 мемлекеттік қызметшінің құқығы қорғалды

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Думан Әбілев мәлімдеді. Спикердің айтуынша...