Шараға Ақмола облыстық полиция департаментінің бірінші басшысы полиция полковнигі Нұрсұлтан Мұқашев, аудан әкімі Аманбек Қалжанов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Рустам Маташев пен жеке құрамы қатысты.
Атбасар полицейлері үшін бұл іс-шара өте маңызды. Әкімшілік ғимаратты күрделі жөндеу туралы шешім өткен жылдың көктемінде қабылданды, бұған дейін полиция қызметкерлері 1968 жылы салынған ғимаратта жұмыс істеуге мәжбүр болды. Бірнеше ондаған жылдар бойы ғимаратта жөндеу жүргізілмеді, соның салдарынан жылу жүйесі іс жүзінде жұмыс істемеді, төбесі ағып кетті, ал қызметтік кабинеттерде ыңғайлы жұмыс істеу үшін қандай да бір жағдайлар болмады.
Күрделі жөндеу барлық коммуникациялық жүйелерді жаңартудан басталды, кабинеттер ретке келтірілді, ведомстволық мұражай үшін үлкен кең бөлме бөлінді. Ғимараттың сыртқы келбеті өзгертілді, келушілер мен жеке құрам үшін қажетті жағдайлар жасалды, бейнебақылау жүйесі жақсартылды.
Атбасар ауданының полиция бөлімі департаменттің ірі аумақтық бөлімшелерінің бірі екенін атап өткен жөн. Бөлімде Атбасар қаласы мен 13 ауылдық округ аумағына қызмет көрсететін 120-дан астам полиция қызметкерлері қызмет атқарады.
Салтанатты ашылу рәсімінде полковник Нұрсұлтан Мұқашев жаңа жағдайлар полицейлерге өз жұмысының сапасы мен жеделдігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Полиция бөлімінің жаңа ғимаратында тергеу бөлімшесі, жергілікті полиция қызметі, әкімшілік полиция, кадр және тәрбие жұмысы, сондай-ақ патрульдік полиция взводы орналасқан.