Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік органнан босатылғаннан кейін жұмыс берушіден қызметкерге тиесілі есеппен және төленген сомамен келіспеу туралы өтінішін қарады.
Өтінішті қарау қорытындысы бойынша өтініш авторының дәлелдері өз растауын тапты, атап айтқанда, жұмыстан босату кезінде қызметкерде ақылы еңбек демалысының 42 пайдаланылмаған күні болғандығы анықталды, оның тек 15-і ғана төлемдерге тиесілі сомаларды есептеу кезінде ескерілді.
Осылайша, мемлекеттік орган қызметкер жұмыстан босатылған кезде оның ақылы еңбек демалысының пайдаланылмаған күндерінің нақты санын белгілеу бойынша толық шаралар қабылдаған жоқ, бұл оның құқықтарының бұзылуына әкелді.
Департамент қабылдаған ден қою шараларынан кейін мемлекеттік орган 210 мың теңгеден астам мөлшердегі төлемді кешіктіру кезеңі үшін тиесілі сомалар мен өсімпұлдарды төлеуді жүзеге асырды және өтініш білдірген адамның құқықтары қалпына келтірілді.