Бүгінгі таңда қарқынды дамып отырған Қазақстан Республикасындағы азаматтық қоғам жайлы бірер сөз айтуды жөн көрдім.
Азаматтық қоғамы алға баспаған ел уақыт, заман талабына сай дамуы қиын болады екен деген тұжырымға тоқтадым.
Осы мәселе туралы Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев кезекті Жолдауында «Азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпымемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет» деген еді.
Президенттің бұл сөзі халық пен ел билігінің ортақ мүддеге ықпалдасып, қоғамдағы белсенді азаматтардың заң аясында бірлесе атқаратын істерінің маңыздылығы байқалады.
Азаматтық қоғам белсенді болса адам капиталы, әлеуметтік-экономикалық даму, демократия негіздері Отан игілігіне айналуының алғышарттарының бірі болып саналады. Осы жерде азырақ тарихқа үңіле кетейік.
Тарихи деректемелерге сүйенсек азаматтық қоғам ұғымының пайда болуы жөнінде ұлы ойшыл ежелгі жəне орта ғасыр ғалымдар арасында екі түрлі көзқарас болыпты. Біреулері оны буржуазиялық қоғамның жемісі деп, нарықтық қатынастармен байланыстырады. Екіншілері ондай қоғам белгілі бір деңгейде болған дейді. Азаматтық қоғам идеясы өте ертеде пайда болған екен. Грек əлемінің данасы Аристотель өз еңбектерінде азаматтық қоғам туралы пікірлері, жеке тұлғаға байланысты айтқан екен.
Азаматтық қоғам мемлекеттен тəуелсіз нарықтық экономиканы, əлеуметтік топтарды, корпорацияларды, институттарды қамтиды. Олардың мақсаты қоғамның өміршеңдігін жəне азаматтық құқықты жүзеге асыруды қамтамасыз етуде. Бұл сөздерді айтқан неміс философы Гегель.
Азаматтық қоғам ұғымы арқылы қоғамдық байланыстар мен қатынастардың жағдайы бейнеленіп, белгілі ел тұрғындарының азаматтық қайраткерлігінің қарқыны, мемлекет пен қоғамның əлеуметтік саладағы жұмыстарының деңгейі анықталады. Азаматтық қоғамның шынайылығы идеалдық жобаны жүзеге асырушы қоғамның шын мəнісінде қол жеткізген жетістіктерімен анықталады. Сондықтан да демократиялық сипаттағы саяси жүйесі бар құқықтық мемлекеттің дамуында азаматтық қоғамның алатын орны ерекше.
Өтелбай Бейсенов, Бурабай аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы.