Облыстық халық шығармашылық және мәдени демалыс орталығы 2023 жылғы 28 наурызда Степняк қаласының аудандық мәдениет үйінде дәстүрлі «Бала ақын – жас дарын» облыстық оқушылар айтысын өткізді. Биылғы жылы оқушылар айтысы ақын, публицист, педагог-ағартушы, жаңа қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналды.
Айтыстың мақсаты ақынның шығармашылық мұрасын дәріптеу, жастар арасында қазақ өнерін насихаттау, ұлттық бірегейлікті сақтау, патриотизм сезімін, өз еліне деген сүйіспеншілікті тәрбиелеу, айтысты халық шығармашылығы жанры ретінде дамыту, өңірдің жас талантты ақындарын анықтау болды.
Жыл санап айтысқа қатысушылар саны артып келеді. Аршалы, Біржан сал, Бұланды, Бурабай, Егіндікөл, Ерейментау, Жақсы, Зеренді, Целиноград аудандары мен Көкшетау қаласынан келген 12-18 жас аралығындағы 14 оқушы айтыс жанрында өз өнерлерін көрсетті.
Ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек төрелік еткен қазылар алқасы әділ бағасын берді.
Айтыс қорытындысы бойынша Бас жүлдені Хызырбек Сырым-Бұланды ауданы жеңіп алды. Жүлделі бірінші орынды Әділжан Бекарыс-Ерейментау ауданы иеленсе, екінші орынға Елеш Нұрғиса-Бұланды ауданы лайық деп танылды. Сәттібек Сәригболатұлы-Ерейментау ауданы және Адал Кербез-Целиноград ауданы үшінші орын иегері атанды.
Айтыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері бағалы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды.