Бельгияда 2020 жылғы 28 желтоқсаннан бастап халықты коронавирусқа қарсы вакцинациялау басталады. Алғашқы мақұлданған антидот Pfizer және BioNTech әзірлеген препарат болмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.
Вакцинация Валлония, Брюссель және Фландрияда орналасқан 3 Қарттар үйінде, сондай-ақ немістілді қауым мекемелерінің бірінде жүргізіледі. Бұл ретте Пуурс жеріндегі (Антверпен провинциясы) Қарттар үйіндегі егде жастағы адамдар мен медицина қызметкерлері вакцинаны алғашқы болып алмақ. Дәл осы Пуурста Pfizer-BioNTech вакцина өндірісі бойынша әлемдегі екі зауыттың бірі орналасқан. Дүйсенбі күні Еуропалық комиссия Pfizer компаниясының коронавирусқа қарсы вакцинасын ресми түрде мақұлдады.
«Біз еуропалықтар үшін Covid-19-ға қарсы алғашқы вакцинаны қолжетімді ету арқылы Еуропа жетістіктерінің тарихына маңызды тарау қосамыз», — деп мәлімдеді Еурокомиссияның басшысы Урсула вон дер Ляйен.
«Біз уәде еткендей, вакцина ЕО-ның барлық елі үшін қолжетімді болады», — деп атап өтті ол.
Автор: Арнұр Рахымбеков
Дереккөз: ҚазАқпарат