Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың тапсырмасы бойынша облыста тұрғындардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету нысандарын жөндеу және құрылыс жұмыстарының сапасына тексеру жүргізілуде.
Ақмола облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаменті Целиноград ауданы Родина ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын тексерді.
Айта кету керек, мердігермен екі жылға жалпы сомасы 2 миллиард теңгеден астам сомаға келісімшарт жасалған. Нәтижесінде іргетасын салу кезінде қолданыстағы мемлекеттік стандарттарды бұзу фактілері анықталды.
Мердігер «Риголит» ЖШС-не қатысты жүргізілген іс-шаралардың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 312-бабының 2-бөлігіне сәйкес (800 АЕК) әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарылды.
Целиноград аудандық сотының 2023 жылғы 29 желтоқсандағы қаулысымен ҚР ӘҚБтК-нің 312-бабының 2-бөлігі негізінде «Риголит» ЖШС жобадан ауытқығаны үшін лицензиясынан айырусыз 1 932 000 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салу түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.