Әлеуметтік желіде Астанада тұратын бір әсіредіндардың үш қызын мектепке бермей үйінде ұстап отырғаны туралы ақпарат тарады. Бес қыздың әкесі әлгі азамат мектеп жасындағы, яғни 13, 10 және 9 жастағы қыздарын үйінен шығармай тек мешітке ғана апарады екен. Бәрі көшеге шыққанда беттеріне дейін матамен жауып, бүркеніп жүреді.
Ал таяуда еліміздің Батыс өңірінде бір әсіредіндар намаз оқымайды деп үш баласын пышақтап өлтіргені туралы жан шошырлық хабар таралды. Сорақысы сол, әлеуметтік желіге салынған әлгі хабарға пікір жазғандардың арасында жас балаларды өлтірген қанышердің әрекетін мақұлдап, тіпті мадақтап жазғандар да бар. Олардың пікірінше, намаз оқымайтын баланы өлтіріп тастаған сауап болатын көрінеді.
Қазір елімізде 3 мыңнан астам мешіт бар екен. Екі миллионнан астам адам намаз оқиды. Орта Азиядағы ең үлкен мешіт Астанада. Мешітке жұма намазына баратындардың арасында колледж, университеттің студенттерін былай қойғанда, мектеп оқушалары да аз емес. Қасиетті Рамазан айында жоғары сынып оқушыларының түгел ораза ұстайтындары айтылуда. Жастардың имандылыққа жүзін бұрып жатқаны қуанарлық іс, десе де, таяқтың екі ұшы болатыны сияқты осы мәселенің залалды екінші қырының бар екенін ұмытпаған абзал.
Өткен қыста жұма күні Көкшетаудың орталығындағы Жақия қажы мешітінің жанынан өтіп бара жатқанымда, жұма намазына келген адамдардың мешітке сыймай, далада қардың үстінде тұрып намаз оқығандарын көрдім. Күн 15-20 градустай аяз. Сондай суықта далада ақ қардың үстінде тұрып намаз оқығандарға қарап, «не деген діндарлық, Алланың разылығы үшін күннің суықтығын да елемей, далада намаз оқып тұр» деп таңдай қағып тамсануға болар еді. Шынында, бір қарағанда солай ойлайтының рас. Дегенмен де, істің мәніне тереңірек үңіле қарасаң, әлгі далада тұрып намаз оқығандардың бұл әрекетті Алланың разылғы үшін, жүрегіне имандылық ұялату мақсатында жасап тұрғандары күмән туғызады.
Енді ой қисынына салып көріңіз: Қазақстанда қазір 3 мыңнан астам ірілі-ұсақты мешіт бар екен. Намаздарын қаза жібермей оқитын намазхандардың саны 2,5 млн-нан асып жығылады дейді. Жыл санап мешіт саны да, намазхандардың саны да өсіп келеді. Енді мынаған назар аударып қараңыз: намаз оқитын мұсылман деген кім? Пайғамбарымыздың хадистеріне, ислам ғұламаларының еңбектеріне назар аударсаң, мұсылман деген бойына имандылық қасиеттерді орнықтырған тақуа адам. Ол имандылық қасиеттер: қайрымдылық, сабырлылық, кешірімшілдік, жомарттық, тазалық, әділдік, шыншылдық, сыпайылық, кішіпейілдік сияқты игі қасиеттер. Ислам дінін ұстанатын, намаздарын қаза жібермейтін мұсылмандардың бәрінің бойында осындай имани қасиеттер орнығуы тиіс.
Енді осы арада мынаған көңіл аударыңыз: Қазақстанда намаз оқитын мұсылмандардың саны жыл санап өсіп, олардың халық арасында алатын үлес салмағы көбейе түссе, онда бұл еліміздегі қылмыс, әділетсіздік, зинақорлық, ажырасушылық, сияқты бүгінде қоғамымызда белең алып кеткен жаман әдеттердің азаюына айтарлықтай әсерін тигізуі тиіс емес пе. Өйткені, намаз оқитын мұсылмандар ондай теріс әрекеттен әрдайым аулақ болады. Олар өздері сондай жаман әдеттен аулақ болып қана қоймай, айналасындағыларға да үлгі көрсетіп, жамандықтан тиып жүреді. Осыған орай, еліміздегі қылмыс, жемқорлық, зинақорлық сияқты жаман әдеттер намазхандардың санының өсуімен бірге жыл санап кеми түсуі қажет. Шындығында, жағдай олай болмай тұр. Елімізде қылмыс та, жемқорлық пен, зинақорлық, тіпті жас балаларды зорлау түріндегі арсыздықтар да жыл санап өсіп келе жатқаны байқалуда.
Осы арада «бұған намаз оқитын мұсылмандардың еш қатысы жоқ, ондай жаман әрекеттерді жасайтындар құдайсыз, дінсіз пенделер» деуге болар еді. Бірақ та, жаман әрекеттерді жасайтындардың арасында мешіттен шықпайтын намазхандардың да болатынын айғақтайтын оқиғалар бұл пікірдің дұрыстығына күмән туғызады.
Өткен жылы Түркістан облысының бір елді мекенінде мешіттен шықпайтын намазхандардың бірі бастауыш сыныпта оқитын екі ер баланы бұзылған ескі үйге апарып зорлап, ойына келгенін істегендігі туралы ақпарат әлеуметтік желіде таралып, жұрттың ашу-ызасын туғызды. Қылмыскер ұсталып, таяуда өмір бойы бас бостандығынан айрылу жазасына кесілді.
Алматыда үш намазхан жас жігіт өздерінен бірнеше жас үлкен азаматты үйлеріне алдап апарып, зорлаған. Қылмыскерлер ұсталып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Бірнеше жыл бұрын Алматының мешіттерінің біріне әруақтарға бата оқыту үшін келген 16-17-дегі бозбаланы мешіт күзетшісі қол –аяғын байлап қойып бес сағат бойы зорлаған…
Өкініштісі сол, мұндай оқиғаларды әлі де біраз тізбелеуге болады. Қазақ «бір құмалақ, бір қарын майды шірітеді» дейді. Ал өздерін мұсылман санап намаз оқитындардың арасында жоғарыда айтылғандай жаман әрекеттерді жасайтын ондаған «құмалақтар» бар. Олар ислам дінінің абырой-беделіне дақ түсіріп, теріс әрекеттер жасауда.
Мақаламыздың басында айтып кеткеніміздей, мектеп жасындағы қыздарын оқытпай, надандықта ұстап, далаға шығармай, шығарса бет-ауыздарын түгел тұмшалап жауып шығаратын әсіредіндарлар еліміздің әр өңірінен кездеседі. Енді оған намаз оқымайды деп өзегін жарып шыққан өз балаларын пышақтап өлтірген фанатикті қоссақ, ислам дініне деген соңғы жылдардағы халық арасындағы теріс пікірдің көбейіп кетуінің себебін түйсінгендей боласың.
Егер шындыққа тура қарап айтар болсақ, намаз оқу, ораза ұстау бүгінде сәнге айналып кеткендей. «Намаз оқимын, ораза ұстап жүрмін, мешітке жұма намазына бара жатырмын» дегенді адамдар мақтаныш үшін айтатын болды. Құрбан айты кезінде қала сыртына апарып малды сойып, терісі мен ішек-қарындарын далаға шашып кеткен оқиғалар жыл сайын қайталанады. Ал соңғы жылдары көбейіп кеткен шолақ дамбал киіп, шоқшитып сақал қоятын сәләфи, уахаби деген ағымды ұстанушылардың жасап жатқан теріс әрекеттері ислам дініне қара күйе жағуда.
Таяуда әлеуметтік желіде бір жас келіншек сәләфи күйеуінің өзін бір танысына «сыйға» тартып жібергені туралы жылап отырып айтқан видеосы таралды. Балаларының анасы, мәңгілік жарын мал сияқты біреуге сыйға тарту деген енді ақылға симайтын шаруа. Бір жылдың ішінде оншақты еркекке әйел болып, қайсынан екенін өзі де білмей біреуінен жүкті болып бала тапқан әйелдің айтқанын естігенде жаның шошиды. Ислам дінінің талақ туралы ұстанымын алға тартып, бір қызбен бірнеше ай бірге тұрып, құмарын қандырған соң талақ тастап, оны екінші біреу некелеп алып, осылайша қолдан қолға өтетін мұсылман әйелдері жайында әңгімелер көп айтылады.
Осы жайлардың бәрінен көкейге түйеріміз: қазір еліміздегі ислам дінінде көптеген шешілуге тиісті көкейкесті мәселелер бар. Егер ол мәселелер дұрыс шешімін таппаса, онда қазақтың басын біріктіруге үлкен ықпалын тигізіп отырған ислам дінінің әлсіздігін пайдаланған басқа діни ағымдардың күшейіп, халықты өздеріне тарту арқылы ұлтымызды бөлшектеу қаупі күшеюі мүмкін.
Таяуда Жанат Бақыт деген тележурналист Құдайдан аян алғанын, Алланың миссиясы бітіп, жер бетінен кеткенін, енді мешіт, шіркеу дегеннің болмайтынын, имам-молдалар жоғалатынын айтып, жұртты шошытты. Жаңа діни ағымның негізін салушы тележурналистің бұл әрекетін біраз дін адамдары айыптап, оған жын кірген дегенді айтты. Бірақ та, мына мәселе дау туғызбайтын шындық: 2 млн-дай оқырманы бар журналист-блогердің айтқанына сеніп, оның соңынан ерушілер қазірдің өзінде табылып жатыр. Жанат Бақыт алған бетінен қайтпайтынын, «Ақсарбаз» деген кітап шығарғанын, оны тарататынын, өзіне аян берген жаратушының көп ұзамай барша әлемге таралатынын айтып, жар салуда. Осылай жалғаса берсе, оның соңынан ілесетіндер қатары молайып, ислам дінін теріске шығаратын жаңа діни ағымның пайда болуы әбден мүмкін.
Қазақ халқы ертеде табынған Тәңіршілдікті қайта тірілтуге талпынып жүргендер де бар. Нағыз ұлттық, қазақы дін осы тәңіршілдік деп санайды олар. Міне, осылайша, орыстілді, қазақтілді болып тіліне байланысты бөлінген қазақ енді дініне байланысты да бөлшектене бастаған түрі байқалады. Бұл тәуелсіздігімізді енді алып, ел болып еңсе көтере бастаған қазақ халқы үшін аса қауіпті құбылыс. Қазақ тілі үшін күресушілер соңғы жылдарда белсенді жұмыс жүргізіп, соның нәтижесінде тіліміз біршама дамый бастады. Осы орайда, ислам діні белсенділері де дін тазалығын сақтап, оның халық алдындағы түсіп бара жатқан абырой-беделін көтеру үшін мақсатты жұмыстар жүргізуі қажет.
Республикаға танымал теолог Асқар Сабдин бір сұхбатында ислам діні басқармасының жұмыстарын жандандыру, дінді ғылымға қарай жақындату бағытында біраз құнды пікірлерін айтты. Міне, осы Асқар Сабдин сияқты жас білімді адамдар бас болып, бүгінде түрлі теріс ағымдардың ықпалына түсіп, беделінен айрыла бастаған асыл дінімізді сақтау бағытында белсенді және мақсатты жұмыстар жүргізілуі қажет-ақ.
«Ауруын жасырған өледі» дейді қазақ. Ұлтымыздың бірлігі мен татулығын сақтауға сүбелі үлесін қосатын ислам дінінің айналасында орын алған өзекті мәселелерді қазір жедел шешпесек, ертең кеш қалуымыз мүмкін.
Қалкөз Жүсіп.