Бүгін қызылордалық құтқарушылар «Қызылорда-Жезқазған» жолының бойында күн суықта бұзылып қалған автобустың 37 жолаушысына қол ұшын созды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің кезекші бөліміне сағат 15.22-де хабар келіп түсті.
Онда «Қызылорда-Жезқазған» жолының 135 шақырымында «Setra» жолаушылар автобусы бұзылып қалғаны айтылған. Оқиға орнына төтенше жағдайлар саласы мамандары жедел жетті. Автобуста барлығы 37 жолаушы бар екені анықталды. Жолаушылар көлігінің Нұр-Сұлтан қаласынан Шымкентке бет алғаны белгілі болды.
«Барлық жолаушы құтқарылды. Бұзылып қалған автобус «КаМАЗ» көлігімен Қызылорда қаласына дейін жеткізілді. Жолаушылар одан әрі Шымкенттен келген өзге автобуспен межелі жеріне жететін болды», — деп мәлім етті Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінен. Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрын да Нұр-Сұлтаннан шыққан жолаушылар автобусы Қызылорда трассасында тұрып қалған болатын.