Ресей нөмірі бар бірақ сол елде тіркеуде жоқ 88 мың көлік Қазақстан аумағында жүр. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Осы жылдың тамызынан бастап Мемлекеттік кірістер комитетімен, Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, көршілес елдерден Қазақстан Республикасының аумағына кіретін көліктердің барлығын тексере бастадық. Бізге қылмыстық көліктердің, есептен шығарылған көліктердің әкелуіне қатысты көптеген факті анықталды. Атап айтқанда, Ресей Федерациясынан әкелінген көліктерді тексердік. Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірге автокөліктерді жалған құжатпен әкелуге қатысты шамамен 10 фактіні анықтадық. Ресей Федерациясында есептен шығарылған ретінде көрсетілген шамамен 150 көліктің әкелінгеніне қатысты факті де бар. Осыған орай Ішкі істер министрлігі шетелде тіркелгенімен Қазақстан аумағында жүрген барлық көлік құралдарына қатысты сақтандыру компанияларына сұраныс жіберді. Бұл мәліметтер қарсы тексеру жүргізу үшін РФ Ішкі істер министрлігіне де жөнелтілді. Жауаптардың нәтижесінде Қазақстан аумағында жүрген ресейлік тіркеудегі 88 мың көліктің РФ Ішкі істер министрлігінде тіркеу есебінде тұрмағаны анықталды. Яғни, тіркелмеген немесе Қазақстан азаматтарына сатылған және содан кейін олардың иесі – Ресей азаматы тұрғылықты жері бойынша тіркеу есебінен шығарып тастаған», — деді ол.
Оның атап өтуінше, «Жол жүрісі туралы» ҚР Заңына сәйкес, жол қозғалысына бекітілген тәртіппен тіркелген көлік құралдары ғана жіберіледі. Осыған орай қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігі аталған санаттағы көліктердің жүргізушілерімен жұмыс істеп жатыр.
«Қазақстан аумағында жүрген өзге көліктерге, атап айтқанда шетелдік тіркеуі бар автомобильдерге қатысты айтар болсақ, құқық белгілейтін, көлік құралының тіркелгендігін растайтын құжаты болған кезде олар жол жүрісі ережесін бұзбай жене Қазақстан аумағында болу ережесін сақтай отырып жүре береді. Бұған қоса, РФ Ішкі істер министрлігі өз аумағында іздеуде тұрған, Қазақстан аумағына Ресейден әкелінген 606 автомобильге қатысты ақпарат ұсынды. Олар қандай да бір қылмысқа қатысы бар немесе қылмыстың нысаны саналатын көліктер. Осыған орай олардың қайда жүргенін анықтау жұмысы жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде 200-ден астам көлік табылды. Олардың тұрған жері және қазіргі иесі туралы ақпарат прцессуалдық іс-әрекет жүргізу үшін іздеуге бастама жасаған тарапқа берілді. Автомбильдер тұраққа қойылды», — деді Серік Түсіпов.
Дереккөз: ҚазАқпарат