Ағымдағы жылдың 1 қаңтарында Бурабай ауданының полиция бөлімінің кезекші бөліміне Қарағанды облысының тұрғыны жүгініп, алаяқтық туралы хабарлады. Өткен жылдың желтоқсан айында белгісіз біреу «Instagram» әлеуметтік желісінде Бурабай кентінің танымал курорттық демалыс базасының жалған парақшасын жасап, қонақүйде орындарды брондау бойынша қызметтерді ұсынғаны анықталды.
Осылайша, қаскүнем алдау жолымен жәбірленушінің 200 мың теңге сомасындағы ақшалай қаражатын иемденді. Ер адам ақшаны алаяқтың шотына екінші деңгейлі банктің мобильді қосымшасы арқылы аударған. 31 желтоқсанда Бурабай қонақ үйіне келген жәбірленуші осы уақыт ішінде жалған есептік жазбаны пайдаланған белгісіз адаммен келіссөздер жүргізгенін білді.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері Бурабай кентінің 21 жастағы тұрғынын анықтады.
Аталған факті бойынша қылмыстық кодекстің 190-бабының 1-бөлігі «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды.