Президент Жолдауының мақсат-міндеттерін жастарға жеткізудің, оларға басым бағыттар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңызы зор. Осы бағыттағы жұмысты бүгінде «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының мүшелері мықтап қолға алып отыр. Жолдаудың басым бөлігі экономикалық, әрі әлеуметтік салаларды қамтиды. Сондай-ақ, жастарды қолдау мәселесі назардан тыс қалған жоқ.
Бүгін облыстық «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы, жас депутат Сұлтанбек Бекешев бастаған жастар Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы көпсалалы колледжінің жоғары курс студенттерімен «BIR TOLQYNDA» диалог алаңын ұйымдастырды. Мемлекет Басшысының Жолдауын түсіндіріп, жастарға қатысты айтылған тұстарына мән берді. Мәселен, жастардың жұмыспен қамтылуы назарға алынып, кәсіп ашамын дейтіндер үшін тиімді несие беріледі.
«Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5% болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді»,-деді өз Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ия, жастарға жасалған қамқорлық — болашағымызға жасалған мүмкіндік. Бұл бастаманы жастар қуанышпен қабылдағандарын айтып, Жолдауға қатысты өз ойларын ортаға салды.
Диалогтық алаңның отырысына сондай-ақ, Көкшетау қаласы жоғары техникалық колледжінің кәсіптік бағдар беру бөлімі және кәсіптік орталық меңгерушісі Бауыржан Ибраев, «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының сарапшысы Самира Тайтенова, облыстық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Мәнсия Есекеева қатысып, саяси маңызы зор құжатқа қатысты өз пікірлерімен бөлісті.