23.2 C
Kokshetau

Наш WhatsApp: +7 (775)-522-54-11

Saturday, August 13, 2022
23.2 C
Kokshetau

Электронная почта: koksheinform@mail.ru

|

Whats App: +7 (775) 522 54 11

ДомойБасты жаңалықМыңғырған мал, жайқалған егін – елдің ырысы

Мыңғырған мал, жайқалған егін – елдің ырысы

Бидай өндірісі ел экономикасының негізгі тірегінің бірі екені анық. Сондықтан да, аймақтарда бидай алқабына көп жер бөлініп, орақ науқанына да мемлекет тарапынан тұрақты назар аударылады.

Күзгі уақыт – диқандардың жаз бойғы еңбегінің жемісін, нәтижесін көрсететін шақ. Пісіп тұрған астықты шашпай-төкпей, қар түспей жинап алу үшін шаруашылықтар қазір әр ашық күнді тиімді пайдалануға тырысуда.

Егін ору науқанын Андреевка ауылдық округіндегі «Нива» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егістік алқабына барып, өз көзімізбен көріп, қанық болдық. 

 «Нива» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – аудандағы алдыңғы қатардағы іргелі шаруашылықтардың бірі. Шаруашылықты ұзақ жылдар бойы тәжірибелі басшы Абермит Владимир Фридрихович басқарып келеді. Андреевка селосында туып-өсіп, еңбек жолын да туған селосында бастаған ол егіншіліктің қыр-сырын жетік біледі. Қажырлы еңбегінің арқасында қарапайым механизатордан шаруашылық басшысы лауазымына дейін көтерілген Владимир Фридрихович өз шаруашылығы мен ауыл тұрғындарының игілігі үшін күш-жігерін аямай, табысты еңбек етіп келеді.

Владимир Фридриховичтің айтуынша, шаруашылық биылғы жылы 20 мың гектар жерге астық дақылдарын  егіпті. Олар негізінен жұмсақ және қатты сұрыпты бидай, арпа, зығыр, бидай қоспасы және бұршақ.  Қазіргі таңда егін жинау науқаны қызу жүруде. Диқандар қар түскенге дейін астықты қамбаға түсірудің қамын жасауда.

Қазіргі таңда ауыл шаруашылығын дамытуда,  өнім көлемі мен еңбек өнімділігін арттыруда заманауи техникалардың маңызы жоғары. Бұл бағытта шаруашылық техника паркін ұдайы жаңартып отырады.

-Егін орағының әр күні санаулы екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Бұл науқан ырғалып-жырғалып жүруді көтермейді. Сондықтан егін оруды мүмкіндігінше қысқа мерзімде аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Бар техника алқап басында. Комбайншылар орып жатса, орылған егінді К-700 тракторлар мен Камаз машиналары механикаландырылған қырманға және элеваторға тасуда. Еңбек қарқынын арттыру үшін енді түнгі ауысымға көшеміз,-дейді шаруашылық басшысы. 

Биылғы  егін орағына 18 комбайн жұмылдырылған. Жаңа заманғы «КЛААС» және «Вектор» комбайндарында Бозыков Сергей, Ященко Владимир, Юрченко Евгений мен Вячеслав, Петроченко Сергей, Рябцев Александр, Лукарецкий  Петр еңбек етуде. Ең жас комбайншы Абермит Иван. Шаруашылықта отбасымен бірге жұмыс істейтіндер бар. Мысалы, ағайынды Юрченколар мен Богуславскийлер. Директор сондай-ақ  Степаненко Сергей, Воропаев Василий, Казакевич Эдуардты да атап өтті, егін орылғаннан кейін қысқы жем-шөп дайындауда пішен тайлағыштарымен қызу еңбек етіп жүрген  Фишер Александр, Алексеев Юрий, Кирихкеслер Андрей де өз жұмыстарын зор жауапкершілікпен атқаруда. Жұмыс болған соң техника ақауы да болып тұрады. Жауапты науқан кезінде үздіксіз жұмысты қамтамсыз етуде техниканы жөндеуші-реттеушілер Стафиняк Владимир и Юрченко Сергей көмекке келеді.

-Бәрі оларға байланысты, жігіттер өз істерін жетік біледі және күн-түн демей атқарады,- дейді егіншілік бригадасының бригадирі Анатолий Станиславович Богуславский.

Қазір егістік алқабында күзгі және көктемгі науқандық жұмыстар кезінде төккен тердің жемісін көру жолындағы диқаншылардың еңбегі  нағыз қызған кез.

-Жылда тұқым сұрыпын ауыстыруға тырысамыз, біздің егістік алқаптары үшін өнімділігі жоғары сұрыптар таңдаймыз,- деп атап өтті агроном Кунавич Александр Петрович.

Қырманға келіп түскен астықты сұрыптарға бөліп, кептіру жұмыстарын Усанова Светлана, Свинцицкая Ирина, Караян Александр, Мамлеев Володя, Лукаревский Юрий, Вензель Юрий, Плехов Максим атқарады.

Аталмыш серіктестік егін шаруашылығынан бөлек, мал шаруашылығын да қолға алған.

-Жалпы, біз егінмен қатар, мал шаруашылығын және мал азығын дайындауды да қатар алып келеміз. Шаруашылықта 400-ге жуық  ірі қара мал бар. Оларды бағып, қарап, сүтін сауатын село тұрғындары жұмыспен қамтылған.. Сондай-ақ, мал азығын дайындау үшін де бидай қоспаларын да егеміз,-дейді серіктестік директоры.

Егін орағының қарқынын үдетіп, әрбір ашық, қолайлы күнді тиімді пайдалану  қажет. Ол үшін шаруашылықта барлық жағдай жасалған, қол күші бар, техника да тоқтаусыз іске қосылған. Демек, науқанның табысты аяқталуы тек еңбек адамдарының өздеріне байланысты.

Сонымен қатар Андреевка ауылдық округінің елді мекендерді абаттандыру мен көркейту жұмыстарының нәтижелерімен  ауылдық округ әкімі Ермолов Алексей Юрьевич таныстырып өтті. Алексей Юрьевичтің мәлімдеуінше ауылдық округке қарайтын Андреевка селосы мен Октябрьское селосында ерте көктемнен абаттандыру айлығы басталып, бұл бағытта ауқымды істер жүргізілген. Қысқы отын қалдықтары мен қоқыстар шығарылып, көшелер арамшөптерден тазартылып, әкімшілік ғимараттар мен жайлар аумағына көшеттер мен гүлдер егілген. Қыста елді мекен аумағының жолдары қардан үнемі тазартылып отырады.

Биылғы жылы Андреевка селосының 11 көшесінің 9 көшесі жарықтандырылған. Округтің екі селосы да ауыз сумен қамтамасыз етілген. Мектеп ғимараты мен амбулатория жайына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл жұмыстардың бәріне «Нива» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі үнемі демеушілік көмегін көрсетіп келеді. Мерекелік шаралар, оқушыларды тамақтандыру мәселелері, сумен жабдықтау, жолдарды тегістеу, абаттандыру жұмыстары олардың назарынан тыс қалмайды. Сондай-ақ барлық проблемалық мәселер де олардың қатысуымен шешімін тауып келеді. Кез келген мәселе бойынша қол ұшын беріп, әрқашанда көмегін аямайтын Владимир Фридрихович Абермитке село тұрғындары дән риза. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын демей ме» дана халқымыз. Еліңе қызмет етіп, халқыңның алғысына бөленгеннен артық ештеңе жоқ.

Селоны аралағанда мұны өзіміз де көріп, куә болдық. Таза көшелер, жайқалып өсіп тұрған қызылды-жасылды гүлдер, балалардың спорт және ойын алаңқайлары ауыл тұрғындарының еңбекқорлығын, ұқыптылығын, туған өлкесіне деген сүйіспеншілігін көрсеткендей.

Гүлзияш ҚАБДЕШОВА.

Шортанды ауданы

Жарнамаspot_imgspot_imgspot_imgspot_img

Популярные Новости