Ақмола полицейлері облыс тұрғындары мен қонақтарын қоршаған ортаға ұқыпты қарауға және абаттандыру ережелерін естен шығармауға шақырады. Табиғи полигондар елді мекендердің келбетін кетіріп қана қоймай, сонымен қатар эпидемиологиялық қауіпті, адам өміріне қауіпті түрлі жұқпалы аурулардың көзі болып табылады.
Көбінесе қоқыс контейнерлерінің жанында тамақ қалдықтарынан басқа, тұрғындар құрылыс қоқыстарын, ескі жиһаздарды қалдырады. Мұндай қалдықтарды кәдімгі қоқысқа тастауға болмайды. Құрылыс қоқыстарының немесе жарамсыз болып қалған жиһаздардың иесі оларды арнайы полигонға өз бетінше шығаруды қамтамасыз етуі керек.
Ағымдағы жылдың басынан бастап ҚР ӘҚБтК 505-бабы «қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру ережелерін бұзу» бойынша әкімшілік жауапкершілікке облыстың 7589 тұрғыны тартылды. Мұндай бұзушылықтарды «102» телефоны бойынша қоршаған ортаға бей-жай қарамайтын азаматтар хабарлайды, сондай-ақ әкімшілік учаскені аралау кезінде учаскелік полиция инспекторлары да анықтайды.
Еске сала кетсек, ӘҚБтК–нің 505–бабына сәйкес қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру ережелерін бұзу жеке тұлғаларға – 20 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға-30, орта кәсіпкерлік субъектілеріне-40, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне-100 АЕК мөлшерінде ескерту жасауға немесе айыппұл салуға әкеп соғады.