Энергиялық бақылау қызметі заңнамалық тұрғыда күшейтіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Биыл Үкімет біріншіден, энергиялық бақылау қызметін заңнамалық тұрғыдан күшейтеді және жоспардан тыс тексерулер жүргізу құқығын береді.
Екіншіден, энергия объектілерін тиісті деңгейде күтіп ұстамай, тіршілікке қажетті жүйелердің қызметіне қауіп төнген жағдайда мемлекетке оларды меншіктен алып қою құқығы берілетін болады.
Үшіншіден, Үкімет пен әкімдіктер және меншік иелері тиісті энергетикалық инфрақұрылымды жөндеу және реконструкциялау жобаларын қаржыландыруды басым тәртіппен қамтамасыз етеді», — деді Әлихан Смайылов.
Оның атап өтуінше, өңірлерден келіп түскен өтінімдер негізінде желілерді ауыстыру бойынша құны 69 млрд теңгені құрайтын 47 жобадан тұратын пул жасақталды.
«Бұл жұмысты сапалы және уақытылы жүргізудің маңызы өте зор. Сондай-ақ 2 мың шақырым жылу желілері жеке меншікте екенін баса айтқым келеді. Олардың тозу деңгейі шамамен 77 пайызды құрап отыр. Осы желілердің жағдайына және жөндеу жұмыстарының міндетті түрде жүргізілуіне бақылауды күшейту керек. Энергия объектілері иелерінің жауапкершілігін арттырып, оны қызмет көрсету келісімшарттарда қарастыру керек. Шарт талаптарын орындау ұсыным түрінде емес, міндетті болуы тиіс», — деді ол.
Премьер-Министр жеке меншіктегі жылу желілерін бюджеттік кредиттеу арқылы реконструкциялау мәселесін пысықтау керектігін де баса айтты.
«Қаржыны қайтару «Тарифті инвестицияға айырбастау» аясында жүргізілетін болады», — деді Әлихан Смайылов.