Думан Әбілев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы
- Мемлекеттік қызмет саласында күннен күнге көптеген өзгерістердің орын алып жатқанын естіп жүрміз. Сондықтан осы саладағы заңнамаға соңғы кездері енгізілген ең өзекті өзгерістер туралы шамалы ақпарат беріп өтсеңіз.
Бүгінгі таңда біздің алдымызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдету жөніндегі тапсырмасы бар. Осы тапсырманы орындау мақсатында біздің Агенттіктің бастамасымен саладағы заңнамаға, яғни, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы заңына бірқатар өзгерістер енгізілді.
Атап айтқанда, қазіргі таңда жоғары оқу орындарын мемлекеттік грант есебінен оқып, оны үздік бағамен бітірген түлектер диплом алғаннан соң бір жыл ішінде мемлекеттік қызметтегі кейбір лауазымдарға конкурстан тыс негізде тағайындала алады.
Бұл жаңашылдық аудандық және ауылдық деңгейдегі кадр тапшылығы мәселесін шешіп қана қоймай, жастарды мемлекеттік қызметке келуге ынталандырып отыр.
Қазіргі уақытта осы заңнамалық норма арқылы өңірімізде 29 түлек тағайындалды. Осы бағыттағы жұмысты жандандыру мақсатында Департамент өңірлік қана емес, республикалық деңгейдегі барлық жоғары оқу орындарымен іс-қимыл жүргізуде. Мәселен, заңнамада көрсетілген талаптарға сәйкес келетін түлектердің тізімін сұратып, оларды мемлекеттік органдарға жолдаған болатынбыз. Тиісті бос лауазымдары бар мемлекеттік органдар осы тізімдермен жұмыс істеуде.
- Шынымен, дипломын қолына жаңа ғана алған жастар үшін жақсы мүмкіндік екен. Бірақ мемлекеттік қызметте де өзінің тиімділігін және жоғары кәсіби қабілетін көрсете білген жастар бар ғой. Соларға қатысты енгізілген өзгерістер бар ма?
Әрине, мемлекеттік қызметшілердің мансаптық ілгерілеуіне, дамуына және оларды ынталандыруға қатысты көптеген шаралар қабылданып жатыр.
Мысалға, заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында оқып, оны үздік бағамен аяқтаған мемлекеттік қызметшілер диплом алғаннан соң бір жыл ішінде «Б» корпусының кейбір мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурстан тыс тәртіпте орналаса алады.
Бүгінгі таңда осы Академияның 3 түлегі түрлі басшылық лауазымдарға конкурстан тыс тағайындалды.
Сонымен қатар, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ əкімдері өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін бір жыл ішінде қолданыстағы заңнамаға сəйкес «Б» корпусының мемлекеттік əкімшілік лауазымдарына біздің Департаментпен келісу арқылы конкурс өткізілместен орналаса алады.
Осы норма өз күшіне енген уақыттан бастап мұндай тағайындаулар облысымыздың Атбасар және Біржан сал аудандарында жүргізілді.
Жалпы, аталған өзгерістер мемлекеттік қызметшілерді білім алуға, өз қызметін сапалы, нәтижелі атқаруға ынталандырып, мемлекеттік қызметтегі таза ауысым деңгейін қысқартуға мүмкіндік беріп отыр.
- Мемлекеттік қызметке білікті кадрларды тарту бағытында тағы қандай өзгерістер бар? Мысалға, келісімшарттық қызметшілерді тарту туралы естіп жатырмыз. Осы жөнінде не айта аласыз?
Иә, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мемлекеттік органдарға мемлекеттік бағдарламалар мен салалық жобалапды іске асыру кезеңіне арнаулы білімі бар кәсіби мамандарды келісімшарттық негізде бір жыл мерзіміне жалдау мүмкіндігі беріліп отыр.
Келісімшарттық қызметші ретінде Қазақстан Республикасының кемінде 18 жастағы, дені сау, медициналық қорытындыға сәйкес лауазымдық өкілеттіктерін орындау үшін қажетті шамада, әрекетке қабілетті, жобаны іске асырудың тиісті саласы бойынша жұмыс тәжірибесі мен білімі бар азаматтары тартылуы мүмкін.
Келісімшарттық қызметшілерді тарту тәртібіне келетін болсақ, ең алдымен жобаны іске асыруға жауапты мемлекеттік органның бірінші басшысы келісімшарттық қызметшіні тарту қажеттілігі туралы шешім қабылдайды.
Шешім қабылданған жағдайда уәкілетті органмен келісу бойынша мемлекеттік органның лауазымды адамы келісімшарттық қызметшінің біліктілік талаптарын бекітеді.
Әрі қарай мемлекеттік органның бірінші басшысына біліктілік талаптарына сәйкес келетін келісімшарттық қызметшінің кандидатурасы енгізіледі.
Бірінші басшы осы кандидатураны мақұлдағаннан кейін келісімшарт жасалып, жұмыс берушінің актісі шығарылады.
Бұл ретте келісімшарттық қызметшілер мемлекеттік лауазымды атқара алмайды.
Мүдделер қақтығысын болдырмау үшін жобаны іске асыруға тартылған мемлекеттік қызметшілердің жақын туысы, жұбайы (зайыбы) немесе жекжаты болып табылатын азаматты келісімшарттық қызметші ретінде қабылдауға болмайды.
Жалпы, қысқаша талаптары осындай.
- Мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқы, тәртібі, әдебі – әрқашан өзекті тақырып. Мұның барлығы арнайы заңнамалық актімен – Әдеп кодексімен реттелетінін білеміз. Осы заңға соңғы кездері енгізілген қандай өзгерістер бар?
Әрине, мемлекеттiк қызметшiлердiң моральдық-адамгершiлік бейнесiне және iскерлiк қасиеттеріне қойылатын талаптарды жоғарылату мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы Жарлығымен «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі» бекітілген болатын.
Бұл кодекс мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің стандарттарын белгілеп қана қоймай, сонымен қатар қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін және парасаттылық атмосферасын қалыптастыруға, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған.
Өткен жылы Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, Әдеп кодексінің жаңа редакциясы қабылданып, оған «Мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары» жөніндегі тарау енгізілген болатын. Осы тарауда мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің 6 қағидасы көрсетілді, олар:
1) адал ниеттілік;
2) адалдық;
3) әділдік;
4) ашықтық;
5) сыпайылық;
6) клиентке бағдарлану.
Сонымен қатар, Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметшілерге қойылатын нақты талаптар көрсетілген. Мысалға, қарапайым болу, мемлекет мүдделеріне нұқсан келтіретін әрекеттерге бармау, заңда белгіленген шектеулерді сақтау, дөрекілік, әдепсіздік фактілеріне жол бермеу, іскерлік әдеп қағидаларын сақтау, қызметтік жағдайын жеке мақсаттарда пайдаланбау және т.б.
Биылғы жылы осы тарауға қызметтік міндеттерін орындауға байланысты жағдайларды қоспағанда, ойын мекемесіне барудан тартыну сияқты талап енгізілді. Мәселен, бұл норма бұрын болмаған, яғни мемлекеттік қызметші ойын мекемесіне барған жағдайда заңнамалық негізде оны жауапқа тарту мүмкіндігі болған жоқ. Ал қазіргі уақытта тікелей тыйым салатын норма бар деуге болады.
Мемлекеттік қызметпен тағдырын байланыстырған азаматтың басты міндеті – халыққа адал қызмет ету. Сондықтан мемлекеттік қызметші халықтың алдындағы жауапкершілікті сезініп, кәсіби міндетіне де адал болуы шарт.