«Nur Otan» әрбір өңір, қала және аудан бойынша таяудағы 5 жылға арналған 216 сайлауалды бағдарламасының жобаларымен жұртшылықты таныстыруды жалғастыруда. Бүгін басты назарда – еліміздің солтүстік облыстары.
Партияның баспасөз қызметі жалпыреспубликалық партияішілік праймериздің қорытындысы бойынша үздік идеялар мен шешімдерді жинақтай отырып, бағдарлама жобалары краудсорсинг қағидаты бойынша пысықталатынын атап өтті.
Ақмола облысы бойынша сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі ауылдарды қолдау және жаңа жұмыс орындарын ашу.
Өңірде тау-кен-гидрометаллургиялық кешенін, техникалық алмаздар концентратын шығаратын фабрика, күн электр станциясы мен қоқысты қайта өңдеу кешенін салу жоспарлануда.
Ауыл тұрғындарының табысын арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, партия 17 сүт-тауар фермасын құру арқылы сүт шаруашылығын дамытуды мақсат етуде. Сондай-ақ, 700 ет фермасын құру арқылы ет шаруашылығын дамыту міндетін де қойып отыр.
Сонымен қатар, 3,4 млн.шаршы метр тұрғын үй, 11 мектеп және 7 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланған. 556 ауылды ауыз сумен қамтамасыз етіп, 7 ауданда газ тарту желілерін салуға басымдық берілді.
Жастар арасында жұмыссыздықты төмендету үшін партия жыл сайын кемінде 6,5 мың жасты жұмысқа орналастыруға, Құзыреттер орталықтарының ашылуына ықпал етеді. 2 жоғарғы оқу орыны мен 4 колледждің студенттеріне арнап 7 жатақхана салынады.