Вторник, 17 сентября, 2024
ЖаңалықтарӨңірлерБурабайЩучинскіде ашылған ескерткіш кімге арналған?

Щучинскіде ашылған ескерткіш кімге арналған?

Әлеуметтік желілерде Щучинск қаласында ауған соғысы ардагерлеріне арнап орнатылған ескерткіш туралы ақпарат таралды. Ауған соғысына қатысушыларды ақтай да, даттай да алмаймыз. Олар отандарын басқыншы жаудан қорғаған жоқ, жат  жерде сол елдің ішкі ісіне қатысты қарулы қақтығысқа қатысты. Бұл сол тұстағы КСРО басшылығының саяси қателігі болғандығын өмір кейін көрсетіп берді. Бірақ болар іс болды, енді оған ешкімді айыптай алмайсың. Бұйрықты орындап, жат елге барған кеңес жауынгерлерінің еш жазығы жоқ. Соған орай, бүгінгі күні ауған соғысы ардагерлері аталған өздерінің жауынгерлік міндетін орындаған адамдарға құрмет көрсетіліп жатса, оған еш қарсылық жоқ. Біз тілге тиек еткелі отырған мәселе ол туралы емес, осы ескерткіштің астарындағы жайға қатысты.

Милиондаған теңге қаржы бөлініп, соған орнатылған ескерткіш кешені үлкен тақтадан және оған жапсырыла орналасқан қолында автоматы бар жауынгер бейнесінен тұрады. Тақтада «Жауынгерлік іс-қимыл және атомдық апаттар ардагерлеріне» деген жазу бар. Мына жазудан шынын айтқанда ештеңе ұға алмадық. «Жауынгерлік іс-қимыл» деген сөз не мағына білдіреді? Ертеден қолданылып келе жатқан «Ауған соғысының ардагерлері» немесе «Жауынгер интернационалист» деген сөз болса, әңгіме кімдер туралы болып отырғанын түсінуге болар еді. Ал «Жауынгерлік іс-қимыл ардагерлері» деген сөз қайдан алынды, ол не мағына білдіреді? Түсініксіз.

Екінші сөз «Атомдық апаттар» деген де ұғынықсыз. Ертеден барлық  ақпарат құралдарында қолданылып жүрген «Чернобыл апатына қатысушы» деген сөзді қолданса  барша жұртқа түсінікті болар еді. Ал «Атомдық апаттар» деген сөз атом қуатына қатысты болған апаттар (апат емес, апаттар, яғни көпше баяндалып тұр) деген мағынаны білдіріп тұр. Апаттар дегесін ол жалғыз Чернобылге қатысты емес, оған сонау 1945 жылғы АҚШ қолданған ядролық қарудан зардап шеккен жапонның Хиросима және Нагасаки қалаларының тұрғындары да, кейінірек ұзақ жылдар бойы ядролық сынақ полигоны болған аймақта тұрған Семей аймағының тұрғындары да еніп кететіні анық. Сонда щучьеліктер бұл ескерткішті кімге ашып отыр?

Ескерткіш кешеніндегі  мән-мағынасыз жазуды былай қойып, ескерткіштегі жауынгер бейнесінде де  өрескел қателікті байқадық. Щучье қаласы Қазақстан аумағында орналасқандықтан, Қазақстан деп аталатын мемлекеттің азаматтарына қатысты болғандықтан, ескерткіштегі жауынгер бейнесі ауған соғысына қатысқан қазақ жауынгерлерін бейнелеуі тиіс еді. Бұл соғысқа қатысқан қазақ жауынгерлерінің аз болмағанын білеміз. Ал ескерткіштегі жауынгер еуропа нәсілді, яғни қазақ емес. Қолына автомат ұстаған жауынгердің үстіндегі киімі де кеңес жауынгерінің киіміне мүлдем ұқсамайды. Ол қазіргі ресей әскерінің жауынгерінен аумайды. Украинаға баса көктеп кіріп, бейбіт халықты қырғыншылыққа ұшыратып жүрген ресей жауынгерінің бейнесін әкеліп мына ескерткішке қыстырғандардың көздегені не сонда?

Бурабай ауданының аумағында орналасқан Ханның қызыл ағашы деген мекенді үш жүздің басын қосқан, жоңғар жаулап алған жерді қайтарған атақты Абылай хан 48 жыл табан аудармай мекен еткен екен. Абылай ханның атының ізі қалған қасиетті өлкеде ханға арналған бір де бір ескерткіш жоқ. Щучье қаласының атауын Абылай хан атайық деп қанша мәрте айтылып, жазылса да мыңқ етпеген құзырлы орган өкілдерінің «Жауынгерлік іс қимыл және атомдық апаттар ардагерлеріне» деп елде жоқ бір сөздер қолданып, мемлекеттің қыруар ақшасын шашып ескерткіш орнатуының астарында не бар?  Осы іске жауапты аудан әкімінің орынбасары, аудандық ішкі саясат бөлімінің қызметкерлерінің арасында тарихты білетін көзі ашық бір жанның болмағаны ма? Бұл не деген надандық?  «Жауынгерлік іс қимыл және атомдық апаттар ардагерлеріне» деп жаңылтпаш жазғанша, қарапайым тілмен «Ауған соғысының және Чернобыл апатының  ардагерлеріне арналған ескерткіш» деп жазса, бірдеңе бола ма? Бұл қарапайым және ұғынықты емес пе.

Айналдырған екі ауыз сөзді дұрыс жазбағандары аздай, кеңес жауынгерінің емес,  Ресей Федерациясының әскери киімін киген орыс нәсілді жауынгерді қолына қару ұстатып бейнелегендегі ойларын ұға алмадық. Бұл қасақана жасалған әрекет пе, әлде түк білмейтін надандықтан туған қателік пе? Қалай болғанда да,  мемлекеттің қыруар қаржысын желге шашып жасаған ешкімге қажетсіз осы ескерткіш үшін осыны ұйымдастырып, басы-қасында болған жауапты адамдар ел алдында жауап беруі керек.

Қалкөз Жүсіп.

spot_img
- Жарнама -Newspaper WordPress Theme

Соңғы жаңалықтар

Степногорск қаласының прокуратурасы 40 млн теңгені жымқыру фактісін анықтады

Қала прокуратурасы мемлекеттік мекеме бухгалтерінің қаражатты ұрлау фактісін анықтады. Бухгалтер екі жыл бойы депозиттік шоттың ақшалай қаражатын мақсатсыз жұмсаған және мемлекеттік сатып алудың қатысушы болып...

Щучинск қаласында 12 жастағы қыз бесінші қабаттың терезесінен құлады

Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, терезеден құлаған қыз ауруханаға жатқызылған. «Бурабай ауданының полиция бөлімі оқиғаның ағымдағы жылдың 14 қыркүйегінде Щучинск қаласында болғанын хабарлайды. Алдын-ала...

«IQanat High School of Burabay» мектебінің оқушылары үшін адалдық сағаты өткізілді

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Ақмола облысы бойынша департаменті «Адалдық сағаты» республикалық акциясы аясында «IQanat High School of Burabay» мектебінің оқушыларымен кеңес өткізді. Кездесу барысында облыстық...

Әдеп жөніндегі кеңес мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғайды

Ақмола облысында Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдардың қызметтік автокөлікті жеке мақсатта пайдалануға тыйым салуға байланысты...

Ақкөл ауданында сүт-тауарлы фермасы ашылады

Ақкөл ауданында стратегиялық маңызы бар жоба жүзеге асырылуда – құны 8,3 млрд теңгені құрайтын 900 басқа арналған жаңа тауарлы сүт ферманың құрылысы жүргізілуде. Қазіргі уақытта...