Ақмола облысы ПД Целиноград аудандық полиция бөлімінің жедел криминалистикалық тобының аға криминалисты, полиция капитаны Гүлбағираш Қасымова ішкі істер органдарында еңбек етіп келе жатқанына биыл 20 жыл толып отыр.
Гүлбағираш Далабайқызы 1978 жылы қаңтар айының 7 жұлдызында Қорғалжын ауданының Қорғалжын ауылында дүниеге келген. Орта мектептің үздік түлегі болып, 1994-1996 жылдары Ақмола облысының кооперативті колледжін тәмамдайды. Бала кезінен полиция қызметкері болуды алдына мықтап мақсат етіп қойған талапшыл қыз 2001 жылы яғни 23 жасында туған Қорғалжын ауылының ішкі істер бөлімінің екінші арнайы тобының кіші инспекторы болып жұмысқа қабылданады.
Ішкі істер органдарындағы еңбек жолын осылай бастаған ол 2008 жылы Ақмола облысы Целиноград аудандық ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторының көмекшісі болып қызмет етеді. Ал 2017 жылдан бері Целиноград аудандық ішкі істер бөлімінің жедел – криминалистикалық тобының аға криминалисты лауазымын абыройымен атқарып келеді. Түрлі қылмыстың бетін ашып, ер азаматтармен тең тер төгу нәзік жандарға оңай тимейтіні анық.
Әсіресе, күнделікті аудан көлемінде орын алатын қылмыстың материалдары бойынша криминалистикалық зерттеулер жүргізу – бұл саладағы әр полиция қызметкеріне шыдамдылық пен біліктілікті талап етеді. Бөлімдегі жігіттермен иық терісіп еңбек етіп, күн-түн демей жұмыс істеп келе жатқан Гүлбағираш өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқаруға тырысады. Кезекші күндері тәуліктің кез келген уақытында қылмыс оқиғасы қай жерде болса, сол мекен – жайға тез жетіп, болған қылмысты сараптап, жұмыстың ауырлығынан шаршаған күнінде де Гүлбағираш жұмыс ауыстыру туралы ойлаған емес, өйткені ішкі істер саласында еңбек етуді бала кезінде армандағандықтан болар.
Қызметтік және отбасылық міндеттерді қатар алып жүру қиын екені рас. Алайда, қос тізгінді де қолдан шығармауға болады.
«Қиындық әйелдерді ширатады» – дейді полиция капитаны Гүлбағираш Қасымова.