296 фермердің 618 млн. теңгеден астам сомаға субсидия алу құқығы қалпына келтірілді

источник dairynews.today
источник dairynews.today

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті қызмет берушінің кінәсінен «Саны зияндылықтың экономикалық шегінен жоғары зиянды және аса қауіпті зиянды организмдерге және карантиндік объектілерге қарсы өңдеуді жүргізуге арналған пестицидтердің, биоагенттердің (энтомофагтардың) құнын субсидиялау» мемлекеттік қызметін алу мүмкіндігінен айырылған фермерлердің құқықтарын қалпына келтірді.

Осы мемлекеттік қызметті көрсету қағидаларына сәйкес субсидиялар алуға өтінімдерді қабылдау 2023 жылғы 1 сәуірден 1 желтоқсанға дейін жүзеге асырылды. Шаруа қожалықтары субсидия алу үшін Ақмола облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына уақтылы жүгінді.

Тексеру барысында қызмет алушылардың өтінімдерді дұрыс ресімдемеуіне байланысты басқарманың оларға осы мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тартқаны анықталды. Бұл ретте осы өтінімдер мерзімдерді бұза отырып, яғни 2023 жылғы 1 желтоқсаннан кейін қаралған. Нәтижесінде фермерлер «Gosagro.kz» ақпараттық жүйесінде субсидиялауға өтінімдерді қайта беру мүмкіндігінен айырылды. Мұндай фактілер 618 миллион теңгеден астам сомаға 296 өтінім бойынша орын алды.

«Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 13-бабына сәйкес әкімшілік органның, лауазымды адамның кінәсінен қабылданған заңсыз әкімшілік акт, сондай-ақ әкімшілік органның, лауазымды адамның кінәсінен жасалған заңсыз әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) әкімшілік рәсімге қатысушы үшін ауыртпалық салатын салдарға алып келмейді. Басқа сөзбен айтқанда, көрсетілетін қызметті берушінің өтінімдерді қарау мерзімдерін бұзуы кәсіпкерлер үшін ауыр зардаптарға әкеп соқтырмауы тиіс» — деп Департамент басшысы Думан Әбілев мәлімдеді.

Тексеру қорытындысы бойынша Департамент басқармаға көрсетілетін қызметті алушылардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру туралы ұсыныс енгізді. Нәтижесінде, ағымдағы жылдың қазан айында фермерлік шаруашылықтарға ақпараттық жүйеде субсидиялауға өтінімдерді қайта беру мүмкіндігі берілді. Субсидия алушылардың тізімі фермерлерге хабарлау үшін Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасына жіберілді.

Қазіргі уақытта көрсетілетін қызметті алушылар өтінімдерін қайта беріп, субсидиялар тағайындау бойынша рәсімдерден өтуде.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының ақпараты