Ағымдағы жылдың 8 наурызында Целиноград аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Охотзоопром аумақтық инспекциясының және В.И.Вернадский ҚҚ қорықшылық қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп «Браконьер» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында Астана қаласының 56 жастағы тұрғынының басқаруындағы «Toyota Surf» маркалы автокөлігін тоқтатты.
Автокөліктің жүксалғышын тексеру кезінде полицейлер басы кесілген ақбөкеннің ұшасын, «Сайга» маркалы иір ойықты ұзын ұңғылы мылтықты, «Тоз-8-01» маркалы иір ойықты ұзын ұңғылы мылтықты, 5,6 мм калибрлі винтовканы тапты.
Осы дерек бойынша полиция бөлімі ҚР ҚК 339-бабының 2-бөлігі бойынша «Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Сараптама тағайындалды.
Еске сал кетсек, табиғатты қорғау заңнамасы, биологиялық ресурстар объектілерінің заңсыз айналымы, заңсыз балық аулау және ағаш кесу саласындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу мақсатында ағымдағы жылдың 24 ақпаны мен 13 наурызы аралығында Ақмола облысының аумағында «Браконьер» жедел–профилактикалық іс-шарасы өткізіледі.