Дүйсенбі, Мамыр 6, 2024
13.2 C
Kokshetau
9 C
Nur-Sultan
17 C
Almaty
ЖаңалықтарМаңыздыРесей ақпаратының теріс зардаптары

Ресей ақпаратының теріс зардаптары

Тыныш жатқан елге басып кіріп, бейбіт халықты қырып-жойған, барша әлемге жексұрын болған Ресей  қазір өз еліне ғана емес, үгіт-насихатын орыс тілді барша әлемге таратып жатыр.  Орыс насихатын тұтынушылардың арасында қазақстандықтар да аз емес. Ресейлік теледидарды көріп, милары уланған сондай жандар реті келгенде көзқарастарын әлеуметтік желілер арқылы жалпақ жұртқа ашық жариялап жатады және оның теріс нәтижесі де оқта-текте көрініп қалады.

Таяуда ғана Алматы қалалық мәслихатының депутаты, Аманат партиясының белсендісі Анна  Башинская  әлеуметтік желіде Украина президенті Владимир Зеленскиге Қырымға емес,  табиғаты жылы Түркияға шабуыл жасауға кеңес берген  ақпараты жарияланып, бұл жұртшылық тарапынан біраз шу туғызған еді. Башинскаяның бұл сөзінің астарында басқыншы ел Ресей емес, Украина сияқты сезіліп және өздерінің ресей тартып алған  жерін қайтаруға деген Украинаның ұмтылысын айыптаған пікір анық байқалады.  Көпшіліктің айқай-шуынан кейін Аманат партиясының белсендісі мәслихат депутаттығының мандатын өз еркімен тапсырды.

Оған іле-шала Пeтропавлдағы тағы бір мәслихат депутаты қала атауын қазақыландыруды қолдаған белсенділерді ел тыныштығына ірткі салушылар деп айыптап, мәңгүрттер деп атады. Әлеуметтік желідегі оның бұл жазбасы да жұртшылық тарапынан біраз теріс пікір туғызды. Қазақстанда туып өскендеріне қарамастан, қазақ тілін, қазақтың тарихы мен дәстүрін білмейтін, Қазақстанды тәуелсіз мемлекет деп танымайтын, оны ресейдің бір провинциясы сияқты көретін теріс пиғылды азаматтар мен азаматшалардың  мемлекетіміз бен қазақ халқының атына айтылған қорлау сөздері мен теріс пікірлері әр өңірден әредік естіліп қалады. Ондайлардың кейбіреулері заң шеңберінде жауапқа тартылып та жатыр. Десе де, ондайлардың қатары азаяр емес және  олар заңнан да  қаймығар түрлері байқалмайды.

Енді міне, күні кеше «орыс әлемі» жанашырларының тағы бір арам әрекеті әлеуметтік желіде жұртшылық тарапынан үлкен пікір туғызып отыр. Қазақстандағы «Орыс үй» деген қоғамдық ұйым «Тірі классик» атты жас авторлар арасында конкурс ұйымдастырады. Оған  мектептің, мұғалімнің рұқсатын алмастан, біраз балалар өз беттерінше қатысады. Шымкент, Тараз қаласы мен Түркістан облысының 10 баласы жеңімпаз атанып,  «Орыс үйінің» қолдауымен Қырымдағы «Артек» демалыс орнына жолдама алады. Балалар 24 күн сонда демалмақшы. Қызығы сол, балаларының Қырымда демалуына ата-аналары өз келісімдерін беріпті.

Енді мынаған назар аударып қараңыз: қазір  Ресей мен АҚШ-тың аузы дуалы сарапшылары  Украинаның үлкен қарсы шабуылды дайындап жатқанын айтып, жазуда. Батыстан қазіргі заманғы соғыс техникалары мен қару-жарақ алған Украина  ресей жаулап алған барлық аумақты, соның ішінде Қырымды, түгел қайтарып алуды мақсат етіп отыр. АҚШ әскери сарапшыларының пікірінше, Украинаның қарсы шабуылы өте жойқын болмақшы. Соңғы кездерде Ресейдің әр өңірінде, тіпті Кремльде болған ұшқышсыз ұшақтардың шабылы үлкен қанды шайқастың алдындағы дайындық болса керек. Қырымға шабуыл да соңғы кезде жиілеп кетті. Осыған орай Қырымнан үлкен жерге жетіп алмақ болғандар саны күрт көбейген. Қазір Қырым көпірінде ұзын-сонар кептеліс. Ақыл-есі барлар  «аш пәледен, қаш пәле» деп соғыс өрті тұтанғалы тұрған аймақтан бассауғалап қашып жатыр.

Міне, осындай жағдайда бауыр еті балаларын қанды қасап майдан болатын жерге демалысқа жіберген ата-аналардың әрекеті  қамсыздық па, әлде ресей насихатының салдары ма?  Қазіргі соғыстың екінші жаһан соғысынан ерекшелігі – бұл соғыста алдыңғы шеп деген жоқ. Алысқа ататын зеңбіректердің снаряды адам талғамайды. Құдай бетін аулақ қылсын, ертең шабуыл басталар болса, Қырымның барлық қалалары мен елді мекендері түгел соғыс ошағына айналып шыға келері анық. Қырым көпірі қиратылса, түбектен шығу да қиын болмақ. Демалысқа барған балалардың жайы не болмақ?

Қазір Білім министрлігі өкілдері балаларын қауіпті аймаққа өз еріктерімен жіберген ата-аналармен түсінік жұмыстарын жүргізіп, жауапкершілік туралы қолхаттарын алыпты. Яғни, ертең бірдеңе бола қалса, ол ата-аналар өздерінен басқа ешкімді кінәлай алмайтын болады.

Баяғыда бір ғұлама данышпанға келіп бір кісі өзінің баласын сынап беруін сұрапты. Сонда данышпан: «балаңның достарын әкел, сонда оның кім екенін және кім болатынын айтып беремін» деген екен дейді. Сол сияқты қазір адамның көзқарасы мен ұстанымын білу үшін қандай ақпарат алатының білсең жеткілікті. Ресейлік БАҚ-тың ақпаратын тұтынатын адамдардың  көзқарасы мен ақпаратты ғаламтор арқылы алатын адамдардың көзқарасы аспан мен жердей.  Өкініштісі сол, ақпарат алаңымызды ресейлік ақпарат құралдарының ықпалынан қорғау туралы аз айтылып, жазылып жүрген  жоқ. Бірақ  нәтиже болмай тұр. Басқа ТМД елдері түгел ресейлік ақпараттан толайым бас тартуда, тек Қазақстан ғана «орыс әлемін» сақтап отыр.  Жоғарыда айтылған теріс пікірлер мен текетірестердің бәрі  ресейлік ақпараттың салдарынан орын алып жатқаны дау туғызбас шындық.

Күні кеше өткен сайлауда халыққа үйіп-төгіп уәде беріп сайланған депутаттар бұл маңызды мәселені заң негізінде шешпесе, ол одан әрі ушығып, халыққа залалын  әлі де біраз тигізері анық.

Қалкөз ЖҮСІП. 

- Жарнама -Newspaper WordPress Theme

Соңғы жаңалықтар

Р.Қошқарбаев-100 жыл: «Есімі халқына ұран болған» атты колледж студенттері арасында әскери-патриоттық сайысы өтті

Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық даму орталығы» КММ ұйымдастыруымен Қазақ халқының хас батыры, Халық қаhарманы Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына орай «Есімі халқына ұран...

Жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау институты мемлекеттік органдар үшін «өзін-өзі тазартудың» пәрменді құралына айналуы тиіс – Антикор

Ақмола облысы әкімдігінің алаңында жергілікті атқарушы органдардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау қорытындылары жария талқыланды. Кеңес барысында өңірдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшысының бірінші орынбасары...

1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтауы Қадірлі отандастар! Қазақстан халқының бірлігі күні құтты болсын! Бұл – татулық пен тыныштықтың, тұрақтылық пен бейбітшіліктің символы саналатын...

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің араласуынан кейін кәсіпкерге ғимаратын кеңейту үшін қосымша жер телімі берілді

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті әкімшілік кедергілерге тап болған кәсіпкердің бұзылған құқықтарын қалпына келтірді. Осылайша, кәсіпкер С.  Көкшетау қаласының әкімдігіне...

Антикор волонтерлері Көкшетау қаласының №1 ХҚКО-да тегін кеңес береді

Құрметті Ақмола облысының тұрғындары мен қонақтары! А.ж. 25 сәуір күні сағат 10:00-ден 12:00-ге дейін Көкшетау қаласының №1 Халыққа қызмет көрсету орталығында (мекен-жайы: М.Әуезов көшесі, 189а) Pro bono сыбайлас...