Понедельник, 30 декабря, 2024
ЖаңалықтарҚазақстанҚасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді

Сондай-ақ, оқыңыз...

Жиынға Премьер-Министр Асқар Мамин, Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Президент Әкімшілігінің Басшысы Ерлан Қошанов, Үкімет мүшелері, облыстардың және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері, орталық мемлекеттік органдардың және ұлттық компаниялардың басшылары қатысты.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Үкіметтің басты міндеті экономикалық өсімді қалпына келтіру, инвестиция тарту және қазақстандықтардың табысын арттыру екенін атап өтті. Президент пандемия мен шектеу шараларынан, сондай-ақ, сауда байланыстарының үзілуінен айтарлықтай зардап шеккен шағын және орта бизнесті қолдаудың маңыздылығына назар аударды.

– Биыл шағын және орта бизнеске қолдау көрсету ең басты назарда болуға тиіс. Үкіметке «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, бір айдың ішінде осыған қажетті іс-шаралар топтамасын әзірлеуді тапсырамын.  «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы – халықты жұмыспен қамтудың негізгі құралы. Оның «Бастау-бизнес» бағыты бойынша 150 мыңнан астам адам оқып шықты. Бірақ тек 10 пайызы несиеге, 19 пайызы грантқа ие болды. 100 мыңнан астам адам мемлекет қолдауынан тыс қалды. Әсіресе, бағдарламаның ауылдағы түлектеріне қаржы жетпей жатыр. Сондықтан бағдарламаның қаржы көлемін ғана емес, оны жүзеге асыру ұстанымдары мен тетіктерін қайта қарауымыз керек. Халыққа берілетін шағын несиелердің ставкасы 6 пайыздан аспауға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет мүшелері мен әкімдердің сатып алудағы жергілікті өнімдердің үлесін арттыру бойынша жүргізілген жұмыстарын сынға алды. Былтыр 9 айда тауарға, жұмысқа және қызмет көрсетуге қатысты сатып алуларды реттеудің жалпы көлемі 12,5 триллион теңгені құрады. Жергілікті тауарлар мен қызмет көрсетуге бар болғаны 6,4 триллион теңге немесе қаржының 52 пайызы бөлінген. Экономикаға аталған қаражаттың жартысына жуығы жұмсалмаған.

– Бюджеттің триллиондаған қаржысын импортқа жұмсауға қақымыз жоқ. Сондықтан бюджеттің әкімшілері тікелей жауап беретін болады. Бұл орайда бізге «семіз» цифрлар қажет емес. Маңыздысы – дұрыс есептеу. Қазақстанда тіркелген заңды тұлғаның кез келген өнімі жиі есепке алынатыны туралы ақпарат бар. Ол өзінің тауарын жеткізе ме, әлде импорттан әкеле ме, оны бақылап отырған ешкім жоқ. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне берілген цифрларды бекітілген әдістемеге сәйкес қайта тексеруді тапсырамын, – деді Президент.

Халықты жұмыспен қамту мәселесі бойынша да берілген есеп пен жасалған жұмыстардың арасында айтарлықтай айырмашылықтар бар. Жұмыспен қамтудың жол картасын жүзеге асыруға 1 триллион теңге бөлінді. Бұл қаржының 98,2 пайызы игерілген. Бағдарлама халықты жұмыспен қамтуда және іскерлік белсенділікті қолдауда маңызды рөл атқарды. Бірақ ондаған, жүздеген мың жұмыс орындарының ашылғаны туралы мәліметті тексеру кезінде айырмашылық бар екені анықталды.

– Азаматтарды қағаз жүзінде ғана жұмысқа орналастыру белең алып отыр. Бірыңғай ақпараттық жүйеге бір адам туралы мәлімет қайта-қайта енгізіледі. Дәл осындай 15 мың жағдай тіркелген. Жұмысқа орналасты деген адамдардың үштен бірі зейнетақы қорына қаржы аудармаған болып шықты. Мұндай жағдай, әсіресе, Түркістан (79%), Қызылорда (43%) және Жамбыл облыстарында (36%) анықталып отыр. Жалпы, еңбекпен қамтылғандардың 40 пайызға жуығы «көлеңкеде» қалып қойған. Жұмыспен қамтудың жол картасына бөлінген 1 триллионнан небәрі 5,5 миллиард теңге салық төленген. Бұл – жарты-ақ пайыз деген сөз! Мемлекеттік кіріске жауапты органдар мәселені қатаң бақылауға алуы керек. Қажет болса, құқық қорғау органдарын да осы жұмысқа тартамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке салықтық-бюджеттік саясатты жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Былтыр салық және кеден саласынан түскен қаржының кіріс көлемі 47 пайызға қысқарған. Әйтсе де, алдыңғы жылы бұл көрсеткіш 65 пайызға жеткен. Кедендік төлемдердің жинақтық деңгейі төмен екені байқалады. Тек Қытаймен арадағы шекарада 50 мыңға жуық жалған декларация толтырылғаны туралы дерек анықталды. Қытаймен арадағы ашық статистика бойынша айырмашылық 5 миллиард доллардан астам қаржыны құрайды.

Президент жалған кәсіпорындар мен әдейі салық төлемейтіндерге қарсы жұмысты жүйелі түрде күшейтуді талап етті. Ресми бағалаулар бойынша ішкі жалпы өнімнің төрттен біріне, ал Дүниежүзілік банктің деректері бойынша 40 пайызға жуығы «көлеңкелі» аймақта екен. «Көлеңкелі» экономикаға қарсы күрес жөніндегі шараларды жүзеге асыру үшін Экономикалық қылмыстармен күрес агенттігі құрылады.

– Орталық мемлекеттік органдар басшыларының автопаркін ұстап тұру үшін айтарлықтай бюджет қаражаты жұмсалады. Бір ғана автомобиль үшін орташа есеппен жылына 6 миллион теңгеден астам қаржы шығындалады. Бірқатар елде жеке қызметтік көліктің орнына ақшалай өтемақы төлеу тәжірибесі енгізілген. Бұл тәжірибе біздің елде де, нақты айтқанда елорда әкімдігінде қолданылған. Мұндай әдіс «Самұрық-Қазына» қорында  апробациядан сәтті өтті. Бұл қызметтік көліктердің санын едәуір қысқартуға және әкімшілік шығындарды 1,5 миллиард теңге көлемінде азайтуға мүмкіндік берді. Үкіметке Президенттің Іс Басқармасымен бірлесіп, мемлекеттік органдардың басшыларын  қызметтік көліктермен қамтамасыз етудің жаңа жобасы бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырамын. Бұл жұмыс нақты қысқартуды қажет етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Премьер-Министрдің жаңадан тағайындалған орынбасары – Сыртқы істер министріне ақпан айының соңына дейін инвестицияларды басқару жүйесін реформалау жөнінде нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды. Әрбір еркін экономикалық аймақтардың лайықтылығына талдау жасап, олардың жаңа жұмыс модельдерін әзірлеу қажет.

– Өздерінің Арнайы экономикалық аймақтарын нақты дамытумен айналыспайтын әкімдердің жағдайы қыл үстінде тұрғанын атап өткім келеді. Біз ондай аймақтарды жабамыз және оларға бюджет қаржысын шығындамаймыз. Біз бұл проблеманы тез арада шешуіміз керек. Экономиканы қайта қалпына келтірудегі инвестицияның екінші көзі – банктердің несиелері және қор нарығы. Бірақ ол да ақсап тұр. Инфляцияның орнықты төмендеуі, инфляция мен девальвацияның тұрақтануы – ақша-кредит саясатын жұмсартудың маңызды шарты. Сондықтан Үкімет пен Ұлттық банк инфляцияны 2021-2022 жылдары 4-6 пайызға қайтарып, 2025 жылы 3-4 пайызға дейін төмендетуі керек. Қаржы секторының орнықтылығы – экономиканы дамытудың анықтаушы факторы, – деді Президент.

Мемлекет басшысының пікірінше, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса маңызды міндет болып отыр. Өткен жылы халықтың табысы азайған кезде азық-түлік бағасы арзандай түсудің орнына, керісінше, қымбаттаған. Мемлекеттік органдар тарапынан бағаларды ұстап тұру, оның ішінде сауда желілерін жеңілдікпен несиелеу және сауда үстемелерін орнату сияқты қабылданған шаралар оң нәтиже берген жоқ. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы 11 пайызға өсті. Оның жалпы инфляцияға қосқан үлесі 60 пайыздан асты. Үкімет жоғарыда аталған мәселелерді шешу барысында нарық тетіктерін негізге ала отырып, іс-қимыл жиынтығын әзірлеуі тиіс.

Сонымен қатар Президент Жер кодексінің кейбір нормаларына жарияланған мораторийдің биыл аяқталатынына назар аударды. Осыған байланысты Үкіметке Жер комиссиясының жұмысын қайта жандандыруды және қараша айына дейін түзетулерді қабылдауды тапсырды. Ұсыныстар байыппен талқыланып, нақты шешім қабылдануы тиіс.

– Жайылымдар мәселесіне арнайы тоқталғым келеді. Бұл жерлер, ең алдымен, ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы керек. Жергілікті әкімдіктер жұмысты дұрыс ұйымдастырмай отыр. Соның салдарынан, ауыл тұрғындары мал жаятын жайылым таппай қиналуда. Әсіресе, Алматы, Түркістан облыстарынан арыз-шағымдар көп түсуде. Жайылымдардың 99 пайызы шаруа қожалықтарының иелігінде. Алайда, оның 36 пайызында ғана мал жайылады. Қалған 46 миллион гектар жайылымдық жер бос жатыр. Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, биылғы жылдың соңына дейін осындай жайылымдарды қайтарып алуды тапсырамын. Оны ауыл тұрғындарының игілігіне берген жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент су ресурстарын сақтап, тиімді пайдалануды ұлттық қауіпсіздік пен орнықты дамудың кепілі екенін айтты. Осыған орай мемлекеттік органдардың алдында су ресурстарын басқару жөніндегі ұлттық жобаны қабылдап, қаржыландыруды жеделдету міндеті тұр. Экология мәселесі Үкімет пен қоғамның ұдайы бақылауында болуы керек.

– Қоғамдық бақылау құралы ретінде интерактивті карта дайындау қажет. Сол арқылы экология саласында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы мен тиімділігін қадағалауға болады. Үкіметке 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасын әзірлеуді тапсырамын. Әсіресе, қоршаған ортаны қорғау ісіне қажетті барлық көрсеткіштерді цифрландыру – маңызды міндеттердің бірі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазақстандықтардың баспана мәселесін шешу үшін зейнетақы жинақтарын пайдалану жөніндегі бастамаға да тоқталды. Ендігі кезекте тұрғын үй нарығындағы дүрмек пен бағалардың өсуіне жол бермеу үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Президенттің пікірінше, мемлекеттік органдар тұрғындар мен құрылыс компанияларының басшыларына түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, нарықтағы алып-сатарлық операцияларға шектеу қоюы керек. Үкіметке екі апта ішінде тұрғын үй саясатын жетілдіру бойынша жаңа ұсыныстар топтамасын енгізу жөнінде тапсырма берілді.

Денсаулық сақтау саласын дамыту мәселесі ерекше бақылауда. Пандемия кезінде аталған жүйе күрделі сынақтан өтіп, саладағы барша олқылықтар айқын көрінді. Өткен жылы 156 ана өлімі тіркеліп, өлім-жітім 2,8 есеге артқан.

– Үкіметке облыс әкімдіктерімен бірлесіп және кәсіби қауымдастық мүшелерін тарта отырып, барлық денсаулық сақтау ұйымдарында инвентаризация жүргізуді тапсырамын. Бұл ретте, босандыру және жансақтау бөлімдеріне, олардың медициналық жабдықтармен, дәрі-дәрмекпен, қажетті бұйымдармен қамтамасыз етілуіне басымдық беру керек. Бас Прокуратураға осы мәселе бойынша іріктелген тексеру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Оның қорытындысы бойынша кінәлі адамдарға қатысты шара қабылдау қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бүгінгі жағдайдан сабақ алуымыз керек. Пандемияның басталғанына бір жыл болды. Жинақталған тәжірибені ескере отырып, әрекет ету қажет. Үкіметке «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, бір айдың ішінде эпидемияға қарсы шараларға теңдестірілген тәсілді қамтамасыз ету мақсатында иммундық мәртебе туралы ақпарат қамтылатын QR кодтарды енгізу мәселесін пысықтау тапсырылды.

– Әрине, жаппай вакцинациялау дағдарысты еңсерудің нақты әрі жүйелі шарасы болып отыр. Оны сапалы өткізу үшін барлық жағдай жасалуы қажет. Дайындық жұмыстарын зерттеу кезінде вакцинаны сақтауға арналған тоңазытқыш жабдықтарының қажетті көлемі жетіспейтіні анықталды. Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Түркістан облыстарында аса күрделі жағдай қалыптасып отыр. Үкіметке әкімдермен бірлесіп, дайындық жұмыстарын толық қамтамасыз етіп, 1 ақпаннан бастап жаппай вакцинациялауға кірісуді тапсырамын. Отандық вакцинаның тестілеуі оң қорытынды береді деп үміттенеміз. Осы ретте, өзім отандық екпе ектіремін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы оқушылардың білім сапасының халықаралық бағалауына да назар аударып, мектептердегі білім сапасының жүйелі түрде нашарлағанын айтты. Сондықтан бұл салаға түбегейлі өзгеріс керек.

– Бүгінде оқу бағдарламасына жаңа пәндер енгізу жөнінде ұсыныстар өте көп. Соңғы он жылда 9 пән енгізілген. Білім беру – тәжірибе алаңы емес. Мұның бәрі негізгі пәндерге бөлінген сағаттың қысқаруына әкеп соғады. Соның өзінде елімізде оқыту жүктемесі тым жоғары – 67 сағат. Ал Финиляндия мен Оңтүстік Кореяда оқыту жүктемесі – 39 сағат, АҚШ-та – 55 сағат. Шәкірттерді оқыту мен басқа да дамыту шараларының арасында тепе-теңдік болуы аса маңызды. Әлемдік үдерістерді ескере отырып, математика, тіл меңгеру және информатика секілді пәндерге ерекше басымдық берген жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қазақстан тарихы және Дүниежүзі тарихы пәндері бойынша бірыңғай оқулық әзірлеп, оны енгізу керек. «Nur Otan» партиясының сайлауалды тұжырымдамасында 2025 жылға дейін жаңа 800 мектеп салуға уәде берілген. Президент осы жұмысқа шұғыл кірісуді және биыл 200 жаңа мектеп салуды тапсырды.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бойынша азаматтардың өтініштерімен жұмыс жасауды қайта жаңғырту маңызды деп санайды. Өтініш берушілермен жұмыс жасаудың сапасын арттыру үшін «Е-өтініш» жаңа ақпараттық жүйесін және «Нәтиже» орталықтарын ашу тапсырылды. 1 шілдеге дейін жүйе барлық мемлекеттік органдарда іске қосылуы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында ең басты міндет – азаматтардың өмір сапасын жақсартып, табыстарын арттыру екенін тағы да атап өтті. Мемлекеттік органдардың әрбір шешімі, әрбір әрекеті экономиканы дамытуға және халық игілігіне бағытталуға тиіс.

Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінің толық мәтінімен мына сілтеме арқылы таныса аласыздар.

spot_img
- Жарнама -Newspaper WordPress Theme

Соңғы жаңалықтар

МҚІА департаментінің ұсынысы негізінде 178 фермерге 418 миллион теңге субсидия тағайындалды

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті «Саны зиян тигізудің экономикалық шегінен жоғары зиянды және аса қауіпті зиянды организмдерге, карантинді объектілерге қарсы...

Мемлекеттік қызметшілер қайырымдылық іспен айналысуда

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментімен өткізілетін волонтерлік жұмыс аясында және мемлекеттік қызметшінің кәсіби-тұлғалық болмысын жетілдіруге бағытталған қадамдық жоспарды орындау...

Өңірдің мемлекеттік қызметшілері донорлық қан қорын толықтырды

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментімен өткізілетін волонтерлік жұмыс аясында және мемлекеттік қызметшінің кәсіби-тұлғалық болмысын жетілдіруге бағытталған қадамдық жоспарды орындау...

Саяси қуғын-сүргіндер құрбандарына ақшалай өтемақы төлеу мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне енгізілді

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті Агенттіктің тапсырмасы негізінде тұрақты негізде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді жетілдіру бағытында талдау жүргізеді. Ағымдағы жылдың наурыз айында...

Біржан сал ауданында «Біржан едім қайтейін…» атты тарихи драмасы қойылды

Биыл қазақтың дәстүрлі әншілік өнерін, халық музыкасын жаңа белеске көтеріп, өз шығармаларымен толықтырған ірі тұлға, ақын Біржан сал Қожағұлұлының туғанына 190 жыл толуына орай...