Ақмола облыс бойынша орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының мәліметінше, Қорғалжын және Целиноград аудандары аумағында 34 киіктің өлексесі табылды.
Оның ішінде 14 киіктің өлексесін биылғы жылғы наурыздың 9-да «ПО Охотзоопром» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының орталық өңірлік филиалы инспекторлары Қорғалжын ауданындағы Саумал көлінен 10 шақырым аумақтан анықтаса, наурыздың 26-да Целиноград ауданының Ақмол ауылынан 8-9 шақырым жерден 20 киіктің өлексесі табылды.
Орман шаруашылығы инспекторлары киіктер қалың қар мен күрделі ауа райының салдарынан шөп теуіп жей алмағандықтан аштан қырылғанын айтуда.
Осыған байланысты өңірде киіктерден одан әрі жаппай қырылуын болдырмау үшін Ақмола облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясына Қорғалжын, Егіндікөл, Жақсы және Атбасар аудандарының әкімдеріне киіктер жүретін аумақтардағы қарды күреуді ұйымдастыру туралы нұсқау берді.
Осындан бірер күн бұрын жабайы киіктер Ақмола облысында ауылға кіргені де хабарланған еді.