Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті жол құрылысы саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу шеңберінде жол құрылысы сапасына ашық бақылауды қамтамасыз ету үшін мониторингтік жұмыс тобын құрды.
Мониторинг Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, «ҚазАвтоЖол» филиалдары, Жол активтері сапасының ұлттық орталығы өкілдерінің, қоғам белсенділері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлердің қатысуымен бірлесіп жүргізіледі.
Бүгінгі таңда өңірде республикалық және облыстық маңызы бар 5 автомобиль жолын салу және жөндеу барысы талдануда.
Атап айтқанда, ағымдағы жылдың қыркүйек-қазан айлары аралығында мердігерлік ұйымды, авторлық және техникалық қадағалауды тарта отырып, жұмыс тобының көшпелі мониторингі барысында Бурабай ауданындағы «Щучинск-Николаевка» автожолына күрделі жөндеу жүргізу, «Астана-Қорғалжын», «Жақсы-Державинск» және «Көкшетау-Атбасар» автожолдарына орташа жөндеу жүргізу кезінде, сондай-ақ Бұланды ауданы Вознесенка ауылындағы автожолда көпір салу кезінде бірқатар бұзушылықтар анықталды.
Мәселен, ірі түйіршікті кеуекті асфальтбетон қабатынан жасалған жабынның, асфальтбетон жабынының негізіндегі тығыздағыштың сәйкессіздігі, сондай-ақ жекелеген құрылыс объектілерінде техникалық қадағалау өкілдерінің болмауы анықталды.
Белгіленген сәйкессіздіктер жол құрылысының сапасына әсер етуі мүмкін, анықталған кемшіліктер бойынша ақаулы актілер жасалды.
Ақмола облысы бойынша СЖҚІАД уәкілетті органды ескертулерді жою жөнінде шаралар қабылдау қажеттігі туралы хабардар етті.
Енгізілген ескертулердің орындалуы өңірдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі мен жұртшылығының ерекше бақылауында.
Жұмыс тобының мониторингі ай сайын жолдарды салу және реконструкциялау толық аяқталғанға дейін жүргізілетін болады.