Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті жол құрылысы саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу шеңберінде жол құрылысы сапасының барысына ашық бақылауды қамтамасыз ету үшін мониторингтік жұмыс тобы құрылды.
Мониторинг жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, «ҚазАвтоЖол» филиалдары, жол активтері сапасының ұлттық орталығы өкілдерінің, жұртшылық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілердің қатысуымен бірлесіп жүргізіледі.
Бүгінде өңірде құрылыс пен республикалық және облыстық маңызы бар 5 автомобиль жолын жөндеу барысы талдануда.
Атап айтқанда, ағымдағы жылғы 24 маусым — 27 шілде аралығында мониторингтік топтың шығуы барысында мердігерлік ұйымның, авторлық және техникалық қадағалаудың қатысуымен Бурабай ауданындағы «Щучинск-Николаевка» автожолына күрделі жөндеу жүргізу, «Астана-Қорғалжын», «Жақсы-Державинск» және «Көкшетау-Атбасар» автожолдарына орташа жөндеу жүргізу, сондай-ақ Бұланды ауданының Вознесенка ауылындағы автожолға көпір салу кезіндегі бірқатар бұзушылықтар анықталды.
Осылайша, жолдан су бұру жүйесінің және резервтік жол тегістегіштің жоқтығы, бетон тіреуіш пен көпір тірегінің ақаулары, жолдарда шұңқырлардың болуы, жұмыс жүргізу журналдарының болмауы анықталды. Белгіленген сәйкессіздіктер жол құрылысының сапасына әсер етуі мүмкін.
Анықталған кемшіліктер бойынша ақау актілері жасалып, мердігерлердің ескертулерді ағымдағы жылдың тамыз айының соңына дейін жою жөнінде ұсынымдар әзірленді.
Енгізілген ескертулердің орындалуы өңірдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі мен жұртшылықтың ерекше бақылауында.
Айта кететіні, мониторингтік топтың сапарлары олардың құрылысы мен реконструкциясы толық аяқталғанға дейін ай сайын өткізілетін болады.