Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, төтенше жағдай маусымның 1-де Жібек жолы аумағы арқылы өтетін «Екатеринбор-Алматы» тас жолының 1289 шақырымында орын алған. Бұл туралы сол күні сағат 15:30 Аршалы аудандық ПБ кезекшілік бөліміне хабарланды.
Анықталғандай, жүргізуші тиелген 7 тонна жанар-жағар майды Нұр-Сұлтан қаласына апара жатқан. Жолда «DAF» көлігінің цистернасы тесіліп, 3 тонна жуық жанар-жағар май тас жолдың үстіне төгілді. Бұл өз кезегінде өзге көліктердің жүруіне қауіп төндірді.
Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары жолдың аталмыш учаскесін уақытша жапты. Кейін өрт сөндірушілер жетіп, жанар-жағар май төгілген жерді сумен шайып, құм шашты. Жүргізушіге қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 630 бабының 1-бөлігі «жолдарды, теміржол өтпелерін және басқа да жол құрылыстарын бүлдіру» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметі.