Қызылсуат ауылында жаңа құрылыс аумағына арналған электрмен жабдықтау қосалқы станциясын салу кезінде 1,3 млрд теңге сомасындағы бюджет қаражатын ұрлау дерегі бойынша Целиноград аудандық ТКШ бөлімінің басшысына және «РемСтройСервис ПВ» мен «MS-Energy» ЖШС басшыларына қатысты айыптау үкімі шықты, деп хабарлайды koksheINFORM тілшісі ҚР Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Істі Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті мен өңірлік прокуратура қзыметкерлері бірлесіп тергеді.
Қылмыстық істің барлық қатысушыларына нақты жаза, бас бостандығынан айыру тағайындалды.
Сотталған кәсіпкерлер мен ЖШС қызметкері коммерциялық және өзге де ұйымдарда 10 жыл мерзімге материалдық-жауапты лауазымдарды атқара алмайды, ал ТКШ басшысы өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқара алмайды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Қаржылық мониторинг агенттігі тұрғындарға сатылатын коммуналдық қызметтердің сапасын жақсарту үшін көрсетілген салалардағы мемлекеттік сатып алуларда жымқыру және өзге де құқық бұзушылықтарды алдын алу мақсатында талдау жүргізеді.