Қаскүнемдер сенгіш азаматтарды алдау үшін пайда болған жаңа технологияларды белсенді қолданады. Әлеуметтік желілерде, радиода және теледидарда адамдар әртүрлі алаяқтар туралы жиі естиді, бірақ әлі де олардың қулықтарына түседі. Алданған құрбандардың басым көпшілігі өздері күманданбай, қаскүнемдердің оңай пайда табуға болатын құпия ақпаратты береді.
Ағымдағы жылдың 30 наурызда Көкшетау қаласының полиция басқармасына облыс орталығының 38 жастағы тұрғыны 2022 жылдың 28 наурызында белгісіз тұлға 850 мың теңге сомасында ақша қаражатын иемденгені туралы өтінішпен жүгінді. Жәбірленуші оған бейтаныс нөмірден қоңырау шалғанын және банк қызметкері болып өзін таныстырып, оның шотында күдікті операция байқалғанын айтты.
Қоңырау шалған банктің «жалған қызметкерінің» айтуынша, оның алдын алу үшін мобильді қосымшаны пайдалану керек және «банк қызметкерінің» нұсқаулықтарына сүйене отырып, операцияны болдырмау керек. Сенімді әйел қоңырау шалушыға CVV картасының кодын хабарлады. Кейін банк бөлімшесіне келіп, ақмолалық оның атына 850 мың теңге несие рәсімделгенін білді. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 190-бабы 2-бөлігі «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Ақмола полицейлері азаматтарға қырағы болуға, ПИН-кодтар мен CVV-кодтарды бөгде адамдарға хабарламауға кеңес береді. Егер сізге бейтаныс нөмірден қоңырау шалып, банк қызметкерлері деп таныстырса дереу телефонды қойыңыз. Есіңізде болсын, банк қызметкерлері ешқашан бірінші болып қоңырау шалмайды. Егер сізде сұрақтар туындаса, жақын маңдағы банк бөлімшесіне барған жөн.
Жеке басты куәландыратын құжаттарды үшінші тұлғаларға бермеңіз. Бейтаныс сілтемелерге өтпеңіз және қашықтан қатынау бағдарламаларын орнатпаңыз. Пин-кодты картаның жанында сақтамаңыз. Хабарландыру сайттарында жеке телефон нөміріңізді қалдырмаңыз.