Ақмола облысында Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдардың қызметтік автокөлікті жеке мақсатта пайдалануға тыйым салуға байланысты шектеулерді сақтау жөніндегі қызметін талдау қорытындылары қаралды.
Талдау нәтижесі көрсеткендей, Бурабай ауданы құрылыс бөлімінің қызметкерлерінен іссапар шығындарын төлеуден ерікті түрде бас тарту туралы өтініш талап етіліп, сәйкесінше олар бірнеше рет іссапарларға шығындардың өтелуінсіз жіберілген.
Мәселен, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 57-бабы 1-тармағына сәйкес мемлекеттiк қызметшілерге Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен қызметтiк iссапарларға, оның iшiнде шет мемлекеттерге iссапарға баруға арналған шығыстары өтеледi.
Мемлекеттік қызметшілерге Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген кепілдіктер және іссапарда болған уақыт үшін тәуліктік ақы алу құқығы, межелі жерге бару және кері қайту жөніндегі шығыстар, тұрғын үй-жайды жалдау жөніндегі шығыстар қолданылады.
Бюджет қаражаты есебінен қызметтік іссапарларға, оның ішінде шет мемлекеттерге қызметтік іссапарларға арналған шығыстарды өтеу қағидаларының 6-тармағына сәйкес іссапарға жiберiлген қызметкерге iссапарға кетер алдында жол жүру ақысын, тұрғын үй-жайды жалдау бойынша шығыстарды төлеуге тиесiлi сомалар және тәулiкақы беріледi. Іссапардан оралғаннан кейiн қызметкер бес жұмыс күнi iшiнде іссапар бойынша шығыстар туралы растаушы құжаттарды қоса бере отырып, іссапар туралы есеп береді.
Осылайша, қолданыстағы заңнамада мұндай бас тарту көзделмеген және осы төлемдерді қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктеріне жатқызуға байланысты жұмыс берушінің қызметкерге іссапар шығындарын өтеуі міндетті болып табылады. Демек, жұмысшылар іссапар шығындарын өтеу құқығынан негізсіз айырылды.
Әдеп жөніндегі кеңестің ұсынымы негізінде Бурабай ауданы құрылыс бөлімінің екі қызметкеріне 88 608 теңге сомасына іссапар шығыстары төленді және аталған адамдардың құқықтары қалпына келтірілді.