Көкшетаудағы «Капитал» тұрғын үй кешенінің маңында диаметрі 700 мм болатын жылу құбыры жарылып, 40-тан астам үй жылусыз қалды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
10 желтоқсан күні сағат 19.00 шамасында Көкшетауда Сәбатаев пен Сағдиев көшелерінің қиылысындағы жылу трассасында апат болды. Осы уақытта Сәбатаев көшесі, № 82 тұрғын үй аумағындағы 700 мм диаметрлі №1 жылу трассасындағы ақау анықталды.
— Сағат 19.00-ден бастап төтенше жағдайды жою жұмыстары басталды, ақаудың орны табылды. 40-қа жуық нысанды жылумен қамтамасыз ету шектелген, олар көпқабатты үйлер мен жеке тұрғын үйлер, — деді Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Дәулет Жүнісов.
Атап айтқанда, 13 көппәтерлі тұрғын үй, 24 жеке тұрғын үй және бес ғимарат жылусыз қалды.
Апатты жоюға «Көкшетау жылу» МКК құтқарушылары мен қызметкерлері жұмылдырылды.
Әкім орынбасарының айтуынша, жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін учаскенің гидравликалық және температуралық жағдайы қалпына келтіріледі.