Ағымдағы жылдың 30 қаңтарында Зеренді ауданының полиция бөліміне Зеренді ауылының 20 жастағы тұрғыны 30 қаңтарға қараған түні үйдің ауласынан белгісіз адам «ВАЗ-2114» маркалы автокөлікті ұрлап кеткені туралы өтінішпен жүгінді. Залал сомасы 1,5 млн. теңгені құрады.
Жәбірленушінің сөзінше, ол алдыңғы түні көлігін ауласына қойған. Ер адам көліктегі ақауларға байланысты тек 3 есік құлыпталғанын, артқы сол жақ есік ашық қалғанын айтып түсіндірді. Осы ашық қалған есікті пайдаланған қаскөй көлікті ұрлап кеткен.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктінің жеке басы анықталды. Ол бұрын ұрлық пен көлікті ұрлап әкету фактілері бойынша жауапқа тартылған Зеренді ауданы Бәйтерек ауылының 21 жастағы тұрғыны болып шықты. Көрші ауылдағы таныстарына келген жас жігіт ішімдік ішіп, түнде үйіне оралуға басқа біреудің көлігін пайдаланудан артық ештеңе ойлап таппаған.
Алайда үйіне жете алмады. Бәйтерек ауылына жетер-жетпес жолда рульді басқара алмаған ер жігіт кюветке аударылып, көлікті тастап, жолды жаяу жалғастырған. Полиция қызметкерлеріне қаскүнемді табуға көліктен табылған аяқ киімінің ізі көмектесті.
Осы факті бойынша ҚР ҚК 200-бабы 1-бөлігі «автокөлікті немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу (айдап кету)» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Қаскөйдің ешқашан көлік құралын басқару құқығы болмаған. Мас күйінде көлік жүргізгені үшін ол ҚР ӘҚБтК 608-бабы 6-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.