Ақмола облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін сәуірдің 29-да сағат 17:34 Бұланды аудандық ТЖБ кезекшілік бөліміне Макинск құс фабрикасының нөмір 7-ші ғимаратында өрт болғандығы туралы хабар түсті.
“Тілсіз жауды ауыздықтауға ТЖД жеке құрамынан 10 адам, Макинск құс фабрикасының 7 жұмысшысы және мемлекеттік емес өртке қарсы қызметінің 3 қызметкері жұмылдырылды. Қызыл жалын 800 шаршы аумақтықты жарпыды. Арада 43 минут өткенде өрт сөндірілді. Қазіргі кезде өрттің шығу себебі анықталып жатыр”, — деді ведомстводан.
Осы ретте, Ақмола облысының Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау керектігін еске салады, өрт болған жағдайда дереу «101» немесе «112» нөмірлеріне хабарласуды сұрайды.