ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті мен жоғары оқу орындары арасында жасалған өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында Департамент басшысы Думан Әбілев Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің түлектеріне диплом табыстау бойынша салтанатты рәсіміне қатысты.
Іс-шара студенттер сарайында университет ректорының қатысуымен өткізілді. Өз сөзінде Думан Әбілев аталған университеттің жастарды мемлекеттік басқару саласына жұмылдыру және олардың азаматтық әлеуетін арттыруда департаменттің басты серіктесі болып табылатынын айтты.
«Осы университеттің түлектері өңіріміздің мемлекеттік қызмет жүйесінде, оның ішінде басшылық лауазымдарда өздерінің айрықша кәсіби қабілеттерін көрсетіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Олардың арасында мемлекеттік жергілікті басқару, гуманитарлық ғылымдар, экономика және бизнес, құқықтану, педагогикалық ғылымдар, әлеуметтану және т.б. салалардағы мамандықтардың иегерлері бар» — деп мәлімдеді.
Айта кету керек, университет пен Департамент арасындағы өзара ынтымақтастық нәтижесінде университетпен адам ресурстарын басқару бойынша HR менеджерлер мамандары дайындалуда. Бұл мамандықтың алғашқы түлектері биылғы жылы қолдарына дипломдарын алып, өз білімдерін мемлекеттік қызмет саласында қолданады деген үміт бар. Сондай-ақ, спикер мемлекеттік қызметке түсуді жеңілдету үшін қолданыстағы заңнамаға енгізілген өзгерістер жөнінде баяндады.
Өз сөзін қорытындылай келе, Думан Әбілев мемлекеттік жергілікті басқару мамандығы бойынша білімін шыңдаған түлектерге дипломдарын табыстап, оларға жарқын болашақ және ақ жол тіледі.