Ақмола облысы әкімдігінің алаңында жергілікті атқарушы органдардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау қорытындылары жария талқыланды.
Кеңес барысында өңірдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшысының бірінші орынбасары Айдос Жақиялин Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасына сәйкес жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің жариялылығы мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыбайлас жемқорлық алғышарттарын өз бетінше жою белсенділігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Сапа мен объективтілікті қамтамасыз ету мақсатында ішкі талдау және ұсынымдарды іске асыру мониторингі процесіне жұртшылық өкілдерін тарту қажет. Тәуекелдерді ішкі талдау институты мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдар үшін «өзін-өзі тазартудың» пәрменді құралына айналуы тиіс екенін түсіну маңызды «, — деді Айдос Жақиялин.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу, ветеринария, ішкі саясат, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, цифрландыру және мұрағаттар басқармаларының, сондай-ақ еңбек инспекциясы басқармасының басшылары жемқорлық тәуекелдерін анықтау және жою бойынша қабылданған шаралардың нәтижелері туралы баяндады.
Кеңеске қатысушылар мемлекеттік органдардағы цифрландыру үдерістерін жетілдіру бойынша жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар, «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» атты №4 үлгілік базалық бағытын іске асыру аясында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша облыс әкімі аппаратының басшысы басқармалардың, аудандар мен қалалардың басшыларына тәуекелдерге ішкі талдауларды тиімді және уақтылы жүргізу және кеңестерде одан әрі жария талқылау, сондай-ақ жемқорлыққа қарсы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды сапалы іске асыру бойынша жұмысты қамтамасыз етуді тапсырды.