Ақмола облысының жергілікті атқарушы органдарында 2023 жылдың 1 наурызынан бастап мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесі сынақтан өткізілуде. Естеріңізге сала кетсек, іріктеудің бұл форматына сәйкес конкурс eqyzmet.gov.kz порталында цифрлық режимде іске асырылады.
Осы негізде 1 наурыздан бастап жергілікті атқарушы органдармен 41 лауазымды иелену үшін конкурс жарияланды. Бұл конкурстарға қатысу үшін 119 адам өтінім білдірді.
Қазіргі уақытта 24 конкурс өз мәресіне жетті. Нәтижесінде 14 адам түрлі лауазымдарға, олардың 4-і басшылық лауазымдарға тағайындалды.
Мемлекеттік қызметке іріктеудің уақытша қағидаларына сәйкес іріктеуге қатысу үшін кандидаттар өздерінің техникалық жабдықтарын (үй-жай, компьютер, интернет, веб-камера, микрофон) пайдаланады. Мұндай мүмкіндіктері жоқ кандидаттар үшін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінде және ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының аумақтық филиалында пилоттық іріктеуге қатысамын деген азаматтардың интернетке қол жетімділігі қамтамасыз етілген. Бұл қызметті алу үшін осы уақытқа дейін шамамен 10 адам жүгінді.
Кандидаттарға цифрлық іріктеу мәселелері бойынша тұрақты негізде телефон арқылы және офлайн режимде кеңес беріледі. Жалпы пилоттық іріктеу сұрақтарымен Департамент мамандарына 200-ге жуық азамат жүгінді.
Жазира Сейтмағанбетова, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің ресми өкілі