Кәсіпкерлік кодекске сәйкес кәсіпкерлік қызметті ынталандыру тәсілдерінің бірі кәсіпкерлікті қорғау мен қолдауды қамтамасыз ету болып табылады.
Ақмола облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті 2023 жылы шағымдарды қарау қорытындысы бойынша 21 кәсіпкерлік субъектісінің құқықтарын қалпына келтірді.
Көбінесе, 12 жағдайда кәсіпкерлер жер қатынастары саласында мемлекеттік қызметтерді алу кезінде кедергілерге тап болған.
Мәселен, Департаменттің ұйғарымдары мен шешімдерінің негізінде мемлекеттік органдар мен ұйымдар 3 кәсіпкерге жер учаскелерін берген, оларды жалға алу мерзімдерін ұзартқан, 3 жағдайда Мемлекеттік корпорация сәйкестендіру құжаттарын дайындап, 6 өтініш берушіге жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгертуге және шекараларын бекітуге рұқсат берілді.
2 шағым ауыл шаруашылығы және табиғи ресурстар салаларында мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша келіп түсті, оларды қарау қорытындысы бойынша фермерлік шаруашылықтарға 70 миллион теңгеден астам сомаға субсидиялар тағайындалды және құны шамамен 1 миллиард теңге болатын инвестициялық жобаны іске асыру үшін арнайы су пайдалануға рұқсат берілді.
Департаменттің шешімдері бойынша сәулет және қала құрылысы саласындағы жергілікті органдар құрылыс салушыларға көппәтерлі тұрғын үйлер мен сауда объектілерінен бастап өндірістік кешендерге дейін әртүрлі сипаттағы ғимараттар мен құрылыстарды салуға 7 рұқсат құжатын берді.
Сондай-ақ 2023 жылы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 465-бабы бойынша Департаментпен рұқсат беру кезінде заңдылықты бұзғаны үшін лауазымды тұлғаларға жалпы сомасы 1776750 теңгеге 35 айыппұл салынғанын атап өткен жөн.