Ақмола әмбебап ғылыми кітапханасының қабырғасында мәдениет саласының квазимемлекеттік секторының, сондай-ақ сарапшылар пулының өкілдерімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтерінің жұмысы және осы саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу мәселелері бойынша семинар өтті.
Кездесу барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы өңірлік ведомство басшысының бірінші орынбасары Айдос Жақиялин бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімді және заманауи әдістерін қолдану мемлекеттік органдар үшін ғана емес, квазимемлекеттік сектор үшін де өзекті болып табылатынын атап өтті.
«Соңғы үш жылдағы қылмыстық тәжірибе мәдениет саласындағы қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың төмендемейтінін көрсетіп отыр. Бұл тұрғыда алдын алу шараларын, оның ішінде мәдениет саласындағы барлық ұйымдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды енгізу, мемлекеттік сатып алулардың ашықтығын қамтамасыз ету және парасаттылық идеологиясын ілгерілету мәселелеріне қатысты шараларды күшейту қажет», — деп атап өтті Айдос Жақиялин.
Семинарда қатысушыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс жүйесінің теориялық және практикалық аспектілері, атап айтқанда, ISO 37001 сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық стандартты қолданудың негізгі негіздері егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Өз кезегінде, облыстық Мәдениет басқармасының басшылығы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтау аясында мәдениет саласындағы комплаенстің тиімді жұмысын қамтамасыз етуде және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауда ынтымақтастыққа дайындығын білдірді.
Айта кетейік, бүгінгі күні өңірдің жергілікті атқарушы органдарына есеп беретін 133 квазимемлекеттік сектор ұйымында комплаенс бойынша мамандар тағайындалды, олардың міндеті — құқық бұзушылықтардың алдын алу, корпоративтік адалдық стандарттарын сақтау және ұйымның іскерлік имиджін қорғау.