Шортанды аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты демалыс орталығының суретшісі Кәрім Бектас Магаданда өткен III Халықаралық «Әлем халықтарының сүйек кесу өнері» фестиваліне қатысып, «Өнердегі Руханият» аталымы бойынша I дәрежелі дипломмен марапатталды. Фестивальға АҚШ, Канада, Норвегия, Қытай, Швеция, Қазақстан, Финляндия, Беларусь, Украина, сондай-ақ Ресейдің 20 қаласынан шеберлер қатысты.
«Әлемнің 40 шеберінен озып, бірінші дәрежелі диплом алу мен үшін үлкен мәртебе. Бұл тек Шортандының ғана емес, Қазақстан Республикасының да мақтанышы. Мен бұған дейін АҚШ, Өзбекстан және Моңғолиядағы көрмелерге өз суреттеріммен қатысып, жүлделерге ие болдым. Ал халықаралық деңгейдегі көрмеге сүйектен жасалған өнер туындыларымен алғаш рет қатысып отырмын, — деп қуанышымен бөлісті суретші Кәрім Бектас.