Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және қолжетімділігін қамтамасыз ету, халыққа практикалық көмек көрсету мақсатында тікелей эфирде мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесін ұйымдастырды.
Іс-шараға Денсаулық сақтау басқармасының, медициналық ұйымдардың, Көкшетау қаласы әкімі аппаратының, Көкшетау қаласының азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің және қорғаныс істері жөніндегі басқармасының өкілдері қатысты.
Жәрмеңке барысында азаматтар жоғарыда көрсетілген салаларда мемлекеттік қызметтерді алу мәселелері бойынша қажетті консультациялық әдістемелік көмек алды.
Мысалы, бірқатар азаматтарға дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медициналық ұйымдарға тіркелу, сондай-ақ дәрігердің қабылдауына жазылу және дәрігерді үйге шақыру мәселелері бойынша толық түсініктеме алды. Сондай-ақ, күзгі әскерге шақыру науқаны шеңберінде әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыруды ұсыну бойынша және дәлелсіз себептермен әскери қызметтен жалтарғаны үшін жауапкершілік туралы түсініктемелер берілді. Барлық түскен сұрақтарға толық жауаптар берілді.
Жалпы жәрмеңкеге 1500-ден астам қызмет алушылар қатысты, 150 сұрақ қаралды.
Жәрмеңкені онлайн-форматта өткізу тәжірибесі жоғары тиімділік көрсетті, өйткені келіп түскен өтініштер жедел арада қаралды, жәрмеңкелерді онлайн-форматта өткізу кері байланысты қамтамасыз ете отырып, әрбір мемлекеттік орган қызметінің тақырыбы бойынша кестеге сәйкес жүргізілетін болады.
Аталған жәрмеңкелерді қала және аудандардың ресми әлеуметтік парақшаларында көріп (сілтемелері төменде), сұрақтар мен өтініш-пікірлеріңізді қалдыруға болады.
Бұған қоса, ағымдағы жылдың қараша айында келесі өңірлік жәрмеңкелер өткізу жоспарда:
— 2021 жылғы 16 қараша, сағат 15:30.
Тақырыбы: «салықтық әкімшілендіру саласында мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері».
Ұйымдастырушылар: салық органдары.
— 2021 жылғы 30 қараша, сағат 15:30.
Тақырыбы: «Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері, мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері».
Ұйымдастырушылар: мемлекеттік қызмет мәселелеріне жетекшілік ететін ЖАО өкілі, ОМО аумақтық бөлімшелері.